БАҚ-қа да бақ қонар күн алыс емес

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 10 шілдедегі елдің бас газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы Тәуелсіздіктің 20 жылында елдің жеткен жетістіктерін саралай келе, алдағы бағындырар бағыт-бағдарымызды, кем-кеттікті жоюға себепкер болатын нақты 20 істі өзі бастап, оның қалай жүзеге асырылу керектігіне дейін саралап берді.

Бұл мақаланың негізінде қадау-қадау ойлар айтылып, Үкіметке, партияға, министрліктерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Елдегі барлық саланың жай-жапсарын онсаусағындай білетін Елбасы сол салаларды ілгерілетудің кілтін тауып, табысты жүзеге асыру керектігін айтты. Білім саласындағы жас буынға мән-маңызы қажет емес пәндердің орнына жаңа, заман талабына сай пәндерді енгізу мәселесін, жастар саясатына араласамын деп ниет білдірген жастарға қолдау көрсету мәселелеріне аса мән беру қажеттілігі тілге тиек етілді. Елбасының қадап айтқан мәселелерінің бірі – елдегі еңбек әлеуетін арттыру. Халықтың көбі не таксист, не базарда сатушы болғаннан келешекте, зейнеткерлікке шыққанда пайда көрмейтіндігін, сондықтан арнайы білім алып, елдің дамуына, сондай-ақ өзінің келешегіне пайда әкелетіндей табыс көзімен айналысу керектігін ескертті.

Елбасы мақаласында елдегі БАҚ қызметіне де көңіл бөлгендігі қуантты. Елдегі БАҚ-тың маңызды рөл атқарып отырғанын айта келе, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып журналистердің этика кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырды. Журналистер қауымы көптен күтіп жүрген бұл құжат әзірленіп, іске асырылып жатса ақпараттық кеңістіктің аясы кеңіп, ел дамуына үлес қосып жүрген журналистер қауымының да беделі арта түспек.

Шындығын айту керек, журналистика кейбір жағдайда келелі деген әңгімелерден тыс қалып жатады. Бұл мақаласында Елбасы БАҚ-тағы осы бір олқылыққа аса мән берді. Шындықтың бұрмаланбай шынайы жариялануы соңғы кездерде сиреп барады. Ел бірлігіне іріткі салатын жалған ақпараттардың ағыны қандай жағдайға ұрындыратыны белгісіз. Сондықтан да, дайындалар құжат журналистердің оң жамбасына келіп жатса журналистер қауымына да маңызы зор болмақ. Сондай-ақ, ақпараттың шынайылығы мен нақтылығына талап қою – өте орынды деп ойлаймыз. Төртінші билік ретінде ел мен халықтың арасындағы байланысшы көпірдің жаңа талапқа сай жұмыс атқаратын уақыты келді. Бір сөзен айтқанда, елдегі БАҚ-қа да бақ қонар күн алыс емес.

Қорытындылай келе айтарымыз, ел ішінде үлкен сенім мен серпін тудырған Елбасы арнауы жаңғырудың қуат көзі деп білеміз. Елбасы өміріміздің жаңаруы мен жаңғыру жолын көрсетті. Ендігі міндет – осы жолда аянбай еңбек ету.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.