Жұмысын бастады

Ағымдағы жылы шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Агенттік жұмысының басым бағыттары ретінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын жүзеге асыру мәселелері айқындалды.

Осы бағытта адалдық пен парасаттылықты дәріптеуге негізделіп, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб құрылған болатын. Аталмыш топ мүшелері өткен аптада кенді шаһарымызға жұмыс сапармен келді.

Сындарлы диалог құру және кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы парасаттылық қағидаттарын дамытуды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздеген штаб қалалық әкімдіктің үлкен залында алқалы жиын өткізіп, бөлім басшылары және білім беру ордаларының директорларымен кездесті. Парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған жиында ақпараттық-ағартушылық штабының басшысы Бекзат Алтынбеков штаб құрудың қоғам алдындағы маңыздылығын түсіндіріп, сыбайлас жемқорлықты қоғамдық санаға серпіліс жасау арқылы жоюға болатынын тілге тиек етті. Одан әрі штаб өкілдері Сәтбаев қаласының Полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында Б.Алтынбеков халық арасында, құқық қорғау және мемлекеттік органдарда, сондай-ақ, жастар ортасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша кең ақпарат тарату қажет екендігін жеткізді. Бұл ақпарат ұжымдарда айтылып қана қоймай, әрбір отбасында үлгі етілуі тиіс. Ата-аналар балаларына жемқорлықтың қоғамның ең ауыр дерті екендігін үнемі айтып, үйретіп отыруы қажет.

Жемқорлықты түп-тамырымен жою – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, елдің ілгерілеуіне үлкен кедергі келтіретін бұл «кеселмен» күреске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуелден айрықша мән беріп, осы бағыттағы іс-шараларды күшейту үшін өз Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құрғаны белгілі. Құқық қорғау қызметкерлерімен болған кездесуден кейін ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері денсаулық сақтау мамандарымен де жолықты. Онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша іс-әрекеттердің мән-жайы мен себептері, сондай-ақ, оған қарсы саясатты іске асырудың проблемалық мәселелері түсіндірілді. Жиын барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлық ұғымы, оның Қазақстандағы деңгейі, жемқорлықтың салдары, аталған дерттің қоғамның түрлі салаларына тигізетін кері әсері туралы мәселелерді талқылады. Штаб мүшелері парасаттылық қағидаттарын, адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтарды енгізуге назар аударып, осы індетпен бірге күресуге шақырды.
Жемқорлықпен күрес – уақытша науқан емес, жүйелі әрі ұзақ мерзімді қажет ететін мемлекеттік саясат. Оны сәтті жүзеге асыру біз үшін абыройлы міндет. Сондықтан, осы келеңсіз құбылыспен күресте тек мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, барлық қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіру қажет.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.