Қауіпсіздік ережесі балабақшадан басталады

Статистикаға сүйенсек, елімізде балалардың қатысуымен, оның ішінде 5-14 жас аралығындағы балалар ұшыраған жол-көлік оқиғалары аса көп тіркелуде. Сондықтан, бүгінде мектепке дейінгі білім беру ордаларында тәрбиеленушілерге жолда жүру ережелерін үйрету басты назарға алынған.

Сейсенбі күні Сәтбаев қаласының №5 «Нұрбөбек» бөбекжай балабақшасының мектепалды даярлық «Ботақан» Г тобында жол қауіпсіздігін сақтау тақырыбында ойын-сауық сабағы өтті. Іс-шараның мақсаты балаларды көшеде жол ережелерін сақтап жүруге үйрету, оларға бағдаршамның атқаратын қызметін түсіндіріп, жол белгілері туралы түсініктерін кеңейту болды.

Топ тәрбиешісі Балгүл Оспанова ұйымдастырған сабақта балалар ойын түрінде жолда жүру ережелерімен, бағдаршамның үш түсімен, көлік түрлерімен танысып, жол қауіпсіздігін сақтауға үйренді. Шара барысында тәрбиеленушілер тақырыпқа сай дайындаған тақпақтарын оқып, сұрақтарға жауап беріп, жол белгілері салынған суреттермен жұмыс жасады. Сондай-ақ, топ тәрбиешісі Балгүл Оспанова балаларға жол тәртібін сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, жол белгілерінің түрлері мен олардың атқаратын қызметі жайлы кеңінен әңгімелеп берді.

Жолда жүру ережелерімен таныстыру мақсатында өткізілетін осындай іс-шаралар балалардың жол ережесі туралы білімдерінің жетілуіне және жол белгілерін айыра білу дағдыларын қалыптастыруға зор үлесін қосатыны сөзсіз.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.