Жылылық сыйлаған жаймашуақ кеш

Жылудың берілуіне санаулы күндер қалды. Жаңа маусымның басталуына байланысты жылу энергетика кәсіпорны өткен аптада өз қызметкерлеріне арнап мерекелік шара ұйымдастырды. «Жылу үшін рахмет» атты дәстүрлі кеш аясында қызықты мәдени-спорттық жарыстар өткізілді.

Кәсіпорынның қуатты әрі өнімді жұмыс істеуі қарамағындағы еңбеккерлерге байланысты екені анық. Ұйым қызметкерлерінің жұмысқа деген құлшынысы мен ынтасы оларға жасалған жағдай мен көрсетілген қолдау арқылы артатыны тағы мәлім. Жылу энергетика кәсіпорнының басшылығы биыл да дәстүрден жаңылмай жұмыскерлер мен олардың отбасылары үшін айшықты шараны өткізді. «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының тікелей қолдауымен өткізілген мәдени шараның берері мол болды. Жылу маусымының басталуына байланысты ұйымдастырылған кеш концерттік бағдарламаға ұласып, қызықты жарыстар кештің көркін қыздырды. Кәсіпорын басшысы Әшім Исанов барша қызметкерді жылу маусымының басталуымен құттықтап, мекемеде ұзақ жылдар бойы тер төккен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетті. Ұжымға абыройлы ардагерлерге мерекелік медальдар табыстады. Сондай-ақ, зейнетке шыққан әрі мерейтой иелеріне түрлі сыйлықтар беріліп, ұжым ұйымшылдығын көрсетті.

– Халыққа суды, жылуды беріп қыс бойы халықты тоңдырмай, қыстан аман-есен алып шықсақ аз да болса міндетіміздің орындалғаны деп білеміз. Жылу беру қазандықтары жөндеуден өтті. Маусымның жақындауына байланысты қызметкерлерімізге шағын мереке ұйымдастырғанды жөн көрдік. Арнайы киіз үй тігіп, шараны қызықты етіп өткізуге бар күшімізді салдық.

Қызметкерлеріміз үшін түрлі жарыстар өткізіліп тұрады. Мәселен, көңілді старттар, футболдан турнирлер, «Көктем аруы» секілді байқауларды дәстүрлі түрде өткізіп келеміз.

Концерттік бағдарламадан соң жиналғандар ән айту, гір тасын көтеру секілді жарыстарға қатысып, арнайы монеталарды иеленді. Оны жәрмеңкеде заттай сыйлықтарға айырбастауға мүмкіндік алды. Кеш соңында барша жиналғандарға тәтті палау үлестірілді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.