ҚАЛАМГЕР ҚҰЖАТЫ – АРХИВТЕ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының иегері, сөз өнеріне арнаған 44 жылдық ғұмырының 22 жылында ұлт руханиятының Арқадағы қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» басылымын басқарған қажырлы қаламгер, ұлағатты ұстаз, майталман маман Мағауия Сембайдың 60 томдық 500-ден астам құжатының түпнұсқасы облыстық архивтің мемлекеттік сақтау қорына тапсырылды. Енді келер ұрпақ Мағауия Сланбекұлының жеке қорынан «Тұтас Сембаев» туралы дерек алады.

Жеке қорды ашуға арналған тұсаукесер рәсімінде ел ағалары, замандастары, әріптестері мен шәкірттері Мағауия мұрасының салмағы көлемінде емес, маңыз-мазмұнында екеніне назар аударды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев, рухани апасы Рымбала Омарбекова, қаламдасы Аман Жанғожин, сыныптас досы Ниқанбай Омарханов, әпкесі Тұрсын Сланбекқызы, ізбасар інісі, «Saryarqa Aqparat» ЖШС директоры Қамбар Ахметов, замандасы, Халықаралық журналист Сағат Батырханова жүрекжарды лебіз білдіріп, тіршілігінде биік парасаты, терең ойымен оқшауланған оғлан ұлдың сүйікті һәм жарқын бейнесін, адами қалпы мен кәсіби даралығын, тілегінің ақтығы мен жүрегінің пәктігін тілге тиек етті. ҚарМУ журналистика кафедрасының меңгерушісі Жанар Рамазанова биыл Мағауия Сембай шығармашылығынан дипломдық жұмыс қорғалатынын айтты.

Сөйтіп, былтыр қарашада қаңтарылған қалам, шежіре шертетін қомақты қолжазба, кезінде мерейін тасытқан марапаттары архив сөресінен орын алды.

Комментарии закрыты.