Нәтижелі бағдарлама

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты бүлдіршіндерге де пайдасын тигізуде. Бағдарлама аясында 52 жылдан бері жөндеу көрмеген №26 «Қарлығаш» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

Бұған дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген балабақшаның шатырынан бастап еденіне дейін ауыстырылуда. Электр, жылу жүйелері де жаңартылып, мектепке дейінгі мекеме адам танымастай өзгерген. Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жасауды «КЗ ЦЕНТР» ЖШС мойнына алыпты.

– Жұмыс маусым айында басталды. Осы уақыт аралығында нысанның шатырын, есік-терезелерін толықтай ауыстырдық. Іші-сырты, қасбеті де түгел жаңартылмақ. Дәл қазір сыртқы жұмыстар аяқталуға жақын. Қосымша балабақшаның алаңын абаттандыру, электр желілерін жаңарту жұмыстары да қарқынды іске асырылуда. Аталмыш нысанға бөлінген қаражат 286 млн. 584 мың теңге. Қазан айының соңына дейін аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Жалпы жөндеу жұмыстарына 35 адам жұмылдырылды. Оның 7-уі қалалық жұмыспен қамту орталығынан тартылған азаматтар. Алғашында орталық арқылы келген азаматтар саны 16 болған. Кейіннен біразы жұмысқа шығудан бас тартты. Қалғаны өзіміздің компания қызметкерлері. Пандемия кезінде біршама қиындықтар болды. Материалдар уақытылы жеткізілмей, жұмыс тұралап қалған кездер болды. Алайда, карантиндік жеңілдіктер берілгеннен бері тоқтаған жоқпыз. Қазан айының соңына дейін аяқтаймыз деген ойдамын, – дейді «KZ ЦЕНТР» ЖШС участок шебері Юрий Емельяненко.
1968 жылы қабырғасы қаланған ғимаратқа алғаш рет күрделі жөндеу жасалғанына балабақша ұжымы дән риза.

– Мемлекеттік бағдарлама бүлдіршіндеріміздің жаңа ғимаратта білім мен тәрбие алуына мүмкіндік беріп отыр. Игі іс аясында ғимарат түгелдей жаңа кейіпке енеді. Қосымша медициналық кабинетке өзгеріс енгізбекпіз. Изоляция кабинеті ашылады. Дене шынықтыру алаңын жаңарту да көзделген. Жоспарда робототехника кабинетін ашу да бар. Осы ретте қала әкімі Асқар Ыдырысов пен қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Базылұлына алғыс білдіргіміз келеді, – дейді балабақша директоры Сақыпжамал Калиева.

Аталмыш бағдарлама арқылы білім беру нысаны жөнделіп қана қоймай, жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізуде. Айта кетейік, балабақшада 4 орыс, 4 қазақ, бас-аяғы 8 топта барлығы 190 бала тәрбиеленуде. Кіші топ – 2-3, ортаңғы топ – 3-4 және естияр топ – 4-6, мектеп алды даярлық тобы 5-6 жас аралығындағы балаларды қамтиды. 16 тәрбиеші, 1 логопед, 1 психолог, 2 музыкант жұмыс істейді. Жөндеу жұмыстары басталған күннен бастап бүлдіршіндер қаладағы №12, 36, 23, 20, 22, 10 бақшаларға бөлінген.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.