Праймеризден – прогреске

Кәсіби деңгейі мен белсенділігі жоғары, азаматтық ұстанымы бар жастарға деген сұраныс кемімесе арта береді. Әсіресе бүгінгі жаһандану заманында жаңашыл әрі сыни көзқарасты жастарды билікке тарту ерекше маңызға ие болып отыр. «Nur Otan» партиясының жақында ғана өткізген партияішілік іріктеуінде әлеуметтің осы топтағы өкілдеріне деген сенім одан әрі нығая түсті.

Праймериз қоғамда алғашында түсініксіздік тудырғанымен, кейіннен елдің сайлау жүйесіне тың серпін бергенге ұқсайды. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, сайлаудың жаңа тетігі өзін-өзі ұсынған үміткерлердің өз бағдарламасын жеткізіп, заң шығарушы органдарға тартылуына мүмкіндік берген. Билік партиясының кадрлық резервін қайта даярлау мен жаңашылдық енгізу мақсатындағы праймеризі белсенді әрі бастамашыл азаматтардың жеке жауапкершілігін арттыру үшін маңызды сайлау болғаны анық.

Партияішілік іріктеуде сәтбаевтық жастар да белсенділік танытты. Мәселен, қалалық «AQSHAM» телеарнасының коммерциялық директоры Дәулет Сейтпеков осы сайлауға қатысуға алғаш құлық танытқандардың бірі. Жас та болса, бас болып партияішілік іріктеудің қос кезеңінде өз бағдарламасын насихаттап, жастар мәселелерін көтерді. Дәулет праймериздің жастарға тың жігер бергеніне, әрі мол тәжірибе бергеніне сенімді.

– Праймериз туралы азаматтардың пікірі сан түрлі. Талқыға көп түсуі де заңдылық. Демек талқылайтын маңызы бар. Әрине, бұл сайлау үлкен жауапкершілікті сезіндіреді. Сондықтан, мақсат пен міндетіңді айқындап алуың керек. Елдегі мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын ұсынатын мүмкіндік беріліп отырғанда бұл тың жобаға қатыспай қалу дұрыс емес деп шештім. Бастысы, мақсат – атақ емес, мақсат – елге қызмет ету, – дейді ол.

Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Праймериз – бұл нағыз әлеуметтік лифт» деп атап көрсеткеніндей, бұл алдымен мүмкіндіктер алаңы. Праймериз – еліне адал қызмет ететін, ең белсенді партияластарды іріктеу мүмкіндігі. Елдің өркендеуіне бар күшін жұмсап, ел сенімін ақтайтын тұлғаларды таңдау мүмкіндігі. Қаламыздағы жылу энергетика кәсіпорнының дәнекерлеушісі Шәмші Хамзе сайлау арқылы билікке халықтың мұң-мұқтажын, қордаланған мәселелерін түбегейлі шешуге атсалыса алатын азамат қана келуі қажет деп есептейді.

– Праймеризді науқан деп емес, саяси мінбеде проблеманы именбей тұрып айта алатын батыл адамдарды іріктеу деп түсінуіміз қажет. Мен жаңа бағдар, жаңа бағыт, жаңаша көзқарас деген түсінікпен ел болашағын ойлап қатысуға бекіндім. Бұл шындығында мансапты көздейтін емес, маңызды істерді жүзеге асыруға бағыттайтын жоба деп түсінемін. Бастысы, үміткер айтқан уәде ескерусіз қалмауы керек, – дейді Шәмші.

Партияішілік іріктеуге қатысқан жастардың пайымы – осы. Олардың көкейінде тек елдің болашағына үмітпен қарап, сол жолда еселі еңбек ету.

Комментарии закрыты.