Жастар ресурстық орталығының директоры Тоғжан Тамабай: «Кәсіпкерлікке қызығушылық артып келеді»

Кәсіпкерлік – елдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыратын тиімді құрал. Сондықтан, елдегі шағын және орта бизнес саласын көтеру, оларға барлық жағдайды жасау мемлекеттік бағдарламалар аясында ұтымды жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетуге бел буған жастарға қолайлы орта қалыптастыру – күн тәртібінде тұрған келелі мәселе. Осы орайда Сәтбаев қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Тоғжан Тамабаймен тілдескен едік.

– Тоғжан Жұмабекқызы, істі бітіруден бұрын бастау әлдеқайда қиын деген түсінік бар қоғамда. Жалпы қала жастары өз кәсібін ашуға қаншалықты дайын?

– Кез келген істі оның әуел бастағы мақсатын айқындап алмай жүргізу қиын, расында. Кәсіп ашу үшін алдымен ісіңді өз ойыңда толыққанды жүйелеп алып, нақты іске асыру жолдарын айқындап барып кіріскен дұрыс. Жеңілдің үстімен жүріп, жеке кәсіпкерлікке қадам басудан гөрі, оның «жанбай жатып, ерте сөнуіне» алып келеді.
Біздің қаламызда 14 пен 29 жас аралығында 15628 жас бар. Олардың ішінде үкіметтік емес секторда шағын және орта бизнесте 378 азамат тіркелген. 28 жеке кәсіпкерлік иелігінде 350 жас жалдамалы жұмыс істейді. Кейінгі жылдары кәсіпкерлікке бетбұрыс артып келеді.

– Істі жүргізу бар да, оған қаржылай қолдау көрсету бар. Жалпы мемлекеттік бағдарламалар аясында қандай көмек алуға мүмкіндіктер қарастырылған?

– Біздің орталық жастармен жұмыс істейтін орталық болғандықтан, өз кәсібімді ашқым келеді деген әр азаматқа тегін кеңес береміз. Бизнес-жобаны дайындауда орталықтағы арнайы маман заң тұрғысынан көмек береді.

Соңғы уақытта жастар арасында бизнесте белсенділік байқалады. Былтыр қала әкімінің гранты тағайындалғанын білесіздер. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы да кәсіп бастауға көлдей көмек көрсетті. Сол қаржылай мүмкіндікті пайдаланғандар қазір кәсібін өрістетіп отыр. Таяуда сол кәсіп иелерінің жұмысы қалай жүріп жатқанын бақыладық. AutoSPA орталығының жұмысы қарқынды. Тігін цехының жұмысы жанданды. Осыдан бірнеше жыл бұрын полиция, медицина қызметкерлерінің киімін сырттан алдыртқан болсақ, қазір өз қаламызда, өз тігін цехымыздан тұтынатын болдық. Сәтбаев ауылындағы құс фабрикасы грантты пайдалана отырып, құс санын арттырды. Бір жыл ішінде 180 бастан 1200 бас құсқа көбейтті. Қарамағында екі адам жұмыс істейді. Демек, қала үшін пайдасы зор деуімізге болады.

– Биылғы жылы қандай жоспарлар бар?

– Бізде жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған1 миллион теңгеден жалпы 6 миллион теңге сомасында қала әкімінің грантына өтініштер қабылдануда. Гранттар қараша айында нақтыланып, үлестірілетін болады. Сондай-ақ, биыл 50 миллион теңге сомасындағы облыс әкімінің гранты тағайындалады. Оған біздің қаладан 7 азамат өтінім берді. Негізгі кәсіптер жиһаз жасау, шаруашылықты кеңейту, музыкалық студия ашу, сыртқы жарнамаларды дайындаудан тұрады. Егер кәсіп ашуға құлықты жастар болса Тәуелсіздік даңғылы 30 мекен-жайы бойынша жастар ресурстық орталығына келіп кеңес алуға болады. Біз қала жастарының қоғамға бейімделуіне көмек көрсетуге қашан да әзірміз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Комментарии закрыты.