Жаңа толқынға дайындық қызу жүруде

«Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді қазақ. Бетін ары қылсын, күллі әлемді күмәнді қылған коронавирус эпидемиясының екінші толқыны күзде болады деп болжап жатыр мамандар. Бірінші толқынында қытай қынадай қырылып жатқанда салғырттық танытып едік, соның зардабын біраз тартқанымыз да жасырын емес. Енді екінші кезеңге жан-жақты әзірленуіміз керек-ақ…

Коронавирустың күзде болуы мүмкін жаңа толқынына кеншілер қаласы да айтарлықтай дайындалып жатыр. Ауруханаларға кезең-кезеңмен төсек-­орын қойылып, құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер әкелінуде. Әсіресе пандемиямен пәрменді түрде күрескен қаламыздағы үш инфекциялық ауруханада дайындық ерен. Оған біз осы емдеу мекемелерінің басшыларымен болған әңгімеде көз жеткіздік.

Заманауи құралдармен жабдықталды

– Коронавирустың екінші толқынының болуы мүмкін екені туралы жаздың басында айтылды. Шамамен күзде болады деген болжам жасалды. Бірінші толқын кезінде жіберілген қателіктерді сараладық. Оны қайталамау үшін ерте бастан қамдыққа кірістік, – дейді қалалық аурухананың инфекциялық бөлім басшысы Асыл Шолтаманова.

– Күзгі-қысқы кезеңде респираторлық инфекциялар және тұмау вирусты өршітуі мүмкін. Сондықтан, тиісті шараларды ерте қабылдадық. Төсек-орындар саны екі есе көбейтіліп, дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдары сатып алынды, – дейді дәрігер-эпидемиолог.

Маманның айтуынша, инфекцияның бірінші кезеңінде аурухана 30 орындық болып жабдықталған екен. Кешегі инфекция өршіген кезде сырқаттарды жатқызатын жер таппай, Жезқазған қаласына жіберуге мәжбүр болған. Дәрігер де, дәрі-дәрмек те жетіспей қиналғанымыз өз алдына, өкпені жасанды желдету аппараты тапшылығы тіптен састырды.

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен ірі компаниялардың жанды көмегінің арқасында қазір алдағы жағдайға әзір тұрмыз. Біздің инфекциялық бөлімде 50 орын дайындалды. Әр палаталарға жаңа төсек-орындар әкелінді. 9 реанимациялық төсек жабдықталып, оларға көпфункционалды кереуеттер қойылды. Арнайы жуынатын кабина мен кір жуғыш машина алынды.

Ең бастысы, орталық аурухана жанынан цифрлы рентген аппараты мен компьютерлік томография орнату жұмысы қолға алынып, қазір жүзеге асырылып жатыр. Инфекцияның бірінші кезеңінде біз сырқаттарды іргелес жатқан мысты қалаға апарып әуреге түсіп едік. Енді өзіміздің рентгеніміз бен КТ-мыз болады, – дейді Асыл Қайырханқызы.

Коронавирус инфекциясы кезінде сырқаттарға ең қажетті құралдар – жасанды жел беру аппараты мен оттегі концентраторы да жеткілікті мөлшерде алыныпты. Оған «Қазақмыс» корпорациясы да көмек көрсеткен екен. Тіпті аурухана палаталарына орталықтан оттегі беретін арнайы құбыр да тартылып, төсек жанына қойылатын мониторлар әкелінген. Бір сөзбен айтқанда, инфекциялық бөлім заманауи жағдайға сәйкес жабдықталған.

80 орын дайын тұр

Коронавирус инфекциясы басталған сәттен халыққа жедел көмекке келген емдеу мекемелерінің бірі – аймақтық туберкулезге қарсы диспансер болатын. Мұнда жатқан сырқаттар дереу Қарағанды қаласына жіберілді де, аурухана ковидке шалдыққан сырқаттарды қабылдауға кірісті.

– Ол бір ауыр кез, нағыз сын сағаттары болды біз үшін. Маман да, дәрі-дәрмек те, құрал-жабдық та тапшы болды. Тіпті, сырқаттарды Жезқазған қаласына компьютерлік томографияға түсіріп әкелуге көлік таппай қиналдық. Бұл бір жағынан сабақ та болды, – дейді диспансердің меңгерушісі Бауыржан Жансымахов.

Орайы келгенде айта кетейін, бұл ауруханада орташа жағдайдағы сырқаттар емделді. 80 орындық ауруханада бар-жоғы 4 дәрігер қызмет көрсетті. Осындай жағдай орын алмас үшін екінші кезеңге дайындық жан-жақты жүргізілуде. Бүгінгі күні 80 орын дайын тұр. 75 оттегі концентраторы, 6 дана көпфункционалды кереует әкелініп, қойылған.

– Дәрі-дәрмек пен ИВЛ аппараттарын да жеткілікті алдырдық. Қазір олар Қарағанды қаласында, облыстық туберкулезге қарсы диспансерде тұр. Көлікпен тасып әкеліп жатырмыз. Дәрігерлер де жеткілікті. Өткен толқын кезінде біз дәрігерлерді Қарағанды қаласынан шақыртқанбыз. Қазір өз мамандарымызды дайындап қойдық, – дейді Бауыр­жан Жәнібекұлы.

550 адамды емдеп шықты

Мамырдың басында басталған коронавирус пандемиясы жаздың ортасында өршіп кеткенін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Кеншілер қаласындағы үш провизорлық орталық дереу инфекциялық ауруханаға айналдырылды. Тіпті, сырқаттар қабылдайтын орын болмай көп адам көршілес Жезқазған қаласына жіберілді. Міне, сол алмағайып тұста алапат ауруға қарсы тұрғандардың бірі – Жезқазған медициналық орталығының Сәтбаев клиникасы болды.
Ел ауызекі «медсанчасть» атап кеткен емдеу орталығы ковидке қарсы табанды күрес көрсетті. Негізінен «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарында жұмыс істейтін кеншілер мен инженер-техниктерді емдеуге арналған мекеме ауыр эпидемиялық жағдайда қала жұртшылығына да медициналық қызмет көрсетті.

– Өзге елдерде оқып жатқан студент жерлестеріміз елге оралған сәттен біз оларды емдеуге алдық. Ал, маусымда Жомарт кенішінен 72 адам ковид симптомымен келді. Бұл кезде аймақта эпидемиялық жағдай өршіп келе жатқан. Міне, сол үш айдан астам уақытта біздің клиника 550 сырқатты емдеп жазды. Қазір инфекцияның екінші кезеңіне әзірлік жасап жатырмыз. Осы мақсатта клиникада 80 орын жабдықталды. Реанимациялық мақсатта 6 палата әзірленді. 45 оттегі концентраторы, 6 өкпені жасанды желдету аппараты алынды. Дәрі-дәрмек пен медицина мамандары да сақадай сай әзір, – дейді медициналық орталық директорының орынбасары Төлеу Тілегенов.

Сонымен, әлем эпидемияның екінші кезеңіне қапысыз қамдануда. Бірінші кезеңде жіберілген кемшіліктер сараланып, одан қорытынды да шығарылып жатыр. Бірақ, сырқаттан сақтанудың ең басты жолы – сақтық шаралары екенін де ұмытпағанымыз жөн. «Сақтансаң сау боласың», «Жақыныңа жанашыр бол» деген сөздер әшейін айтылып жатқан жоқ. Мұны әрқайсымыз бойтұмардай ұстануымыз керек. Сонда ғана сырқаттың алдын ала аламыз…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.