Мәресіне жетті

Биылғы жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Nur Otan» партиясында елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа форматтағы ішкі іріктеу – праймеризге қатысушыларды тіркеу басталған еді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет өткізілген саяси науқан мәресіне жетті.

Алғашқыда жатсына қабылдаған терминге де тіліміз үйренді. Праймериз, яғни партияішілік сайлауға қатысып, бағын сынаушыларда шек болмады. Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «бір дауыс, бір ЖСН, бір мобильді нөмір және бір IP-адрес» қағидаты бойынша арнайы верификация жүйесі қолданылды. Аталған жобада өздерін ұсынып, мейлінше қолдау білдірген праймериз қатысушылары облыс басшылығы тарапынан марапатқа ие болды. «Nur Otan» партиясының Сәтбаев қалалық филиалының мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан арнайы жолданған Алғыс хаттарды Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов кандидаттарға табыстады.

– Партияның қалалық филиалының төрағасы ретінде мен үгіт-насихат жұмыстарын, пікірталастарды бақыладым. Партияішілік сайлауға қатысуға өтінім берген 39 кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламаларымен таныстым және осындай пікірсайыс кездесулерінің біріне қатыстым. Біз праймериз ашық және тең жағдайда өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанымызды атап өтемін, – деді қала басшысы өз сөзінде.

Атап өтейік, 17 тамыз бен 3 қазан аралығында еліміз бойынша «Nur Otan» партиясының праймеризі өтті. Жоба аясында 14-30 қыркүйек аралығында партияның қалалық филиалында қоғамдық пікірталас ұйымдастырылды. Аталған пікірталаста әр үміткер өз саласы бойынша өткір мәселелерді көтеріп, қаланың дамуына қатысты өзіндік бағдарламаларын ұсынды. Халық қатысушыларды онлайн форматында көруге мүмкіндік алды. Бұл дегеніміз қала тұрғындарына, партия мүшелеріне дауыс беру кезінде әділ баға беруге, сондай-ақ үміткерлермен танысуға және олардың ой-пікірін толық тыңдауға жақсы мүмкіндік болды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.