… Ашиды жаның

Қазақ халқы қандай бір ауыр кезеңді ымыра-бірлігімен, бауырмалдығымен, өз отандастарына мейірімділігімен, еңбекқорлығымен жеңе білген. Әлемдік алпауыт елдердің өзі дағдарыстан тәлтіректеп жатқанда егемендігіне 20-ақ жыл болған жас мемлекетті Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сол дағдарыстан алып шығу оңай емес екенін әр азмат түсінуі керек.

Елбасы, Үкімет экономикалық дағдарысқа қарсы әртүрлі шаралар қолданып жатыр. Кеше ғана Жезқазған, Ұлытау өңірін 2012-2017 жылдары дамытуға 130 миллиард теңге бөлінді, сол қаржы ысырап болмай, талан-таражға салынбай орынды пайдаланылуы керек.

Қаламыздың да жылдан-жылға әлеуметтік жағдайы өсіп, сәулетті қалалардың біріне айналуда. Биылдың өзінде қаламызда 20 балалар алаңы, 3 жасыл алаң салынуы керек, оның 4-5-еуі салынып та қойды, бірақ, бітпей жатып соны бүлдіріп жатқанына куә болып жүрміз. «Неге бұзақылар бүлдіріп жатқанда жанашыр біреу табылмайды? Тәртіп сақшылары қайда?» деген ой туады сондайды көргенде.

Менің ойымша, еліміздің көркеюі әр адамның санасына, әр отбасының қоршаған ортаға көзқарасына байланысты.

Бірде түнгі кезекте отырғанымда таңғы 3-4 шамасында жедел жәрдем 2 қазақтың жап-жас келіншегін әкелді, қолдарында шыр-шыр еткен сәби. Екеуі де удай мас, алқам-салқам, беттері, қолдары шаң-шаң, жарақат. Жөн сұрасқанда білгеніміз: екеуі де туған күн тойында болған, ішкен, жаяу келе жатқанда құлаған.

Әлгі мас ананың қолындағы құндақтаулы нәрестенің шырылдаған даусы осы күнге дейін құлақтан кетпейді. Сол уақытта басқа ұлт өкілдерінің алдында жерге кіргендей болдық. Жалпы, емханаға жарақатпен келген 10 адамның 7-8 арақ ішіп жарақаттанғандар, көбісі қазақтар.

Туған күнді тек арақпен атап өту керек пе? Сылқия арақ ішпесе той болмай ма? Ана арақ ішкенде оның сүтін ішкен баланың денсаулығы қандай болмақ? Қыздардың арақ ішуі, темекі шегуі – келешекке балта шабу. Арақтың кесірінен қаншама бала дүниеге мүгедек болып келіп жатыр.

Әлемдік дағдарыс әр отбасына әсерін тигізбей кетпейді, ішкілік ішкен үйде қандай береке? Бір күн ұрыстың 40 күн зардабы бар емес пе? Сол зілді тоқтататын уақыт болған сияқты.

Тағы бір толғандыратын мәселе – қала орталықтарындағы көше шамдарының түске дейін жанып тұратыны.

Судың да сұрауы бар ғой, сол энергияның шығыны қара халықтың қалтасынан шығады, электр энергиясы бағасының шарықтап тұрғаны мынау. Осыны қадағалайтын мекемелер не бітіріп жүр?

Күн жылына бастағанда, әсіресе, жаз айларында тұрғын үйлердің жертөлесінің тазалығына бетіңді басасың. Әсіресе, айлық алған күндері үйлердің жертөлелері дәретханаға айналып кетеді, осыған қандай сана керек? Үйден шыққан қоқыстарды есіктің алдындағы жәшікке салуға ерініп жоғарғы қабаттан лақтыра салу немесе есік алдына тастай салу жиі кездеседі, тіпті мекеме басқарып отырған азаматтардың сондай ісіне қайран қаласың.

Елбасы Астананы жасыл желекке айналдырайық деп, үндеу тастап жатыр. Мен де Сәтбаев қаласының азаматы ретінде осы ойды құптай отырып, бала туылғанда, жас шаңырақ құрғанда, мектепке тұңғыш барғанда, әрбір мектеп бітіруші түлекті, мүшел жасқа толғандарды бір-бір тал отырғызуға шақырамын!

Сол жұмысты тиісті орындар қадағалап отырса, жылына қаншама көшет отырғызылар еді.

Қорыта келгенде айтайын дегенім, көпшілікпен көтерген жүк жеңіл.

Әр азаматқа қоғам мүлкіне жанашырлықпен қарап, адал еңбек етіп, отбасында, еңбек орнында салауатты өмір салтын сақтауын, сүйікті қаламыздың көркеюіне үлес қосуын сұраймын.

Серік Орал, қалалық мәслихаттың депутаты, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.