Тазалық қолдан сусып барады

Кеншілер шаһары республикадағы шағын қалалардың қатарында. Облыс көлемінде тазалық жағынан алдыңғы қатардан бой көрсетіп жүрген қаланың соңғы кездері тазалығы сын көтермей жүр. «Айта, айта, «Алтайды» – Жамал апай қартайдының» кері болдық. Тазалық – денсаулық кепілі десек, сол тазалықтың қолдан сусып бара жатқаны ойландырып, қолға қалам алғызды.

Шағын қаладағы тазалыққа көз жұма қарасақ не болғанымыз? «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді атам қазақ. Тек басты көшелерді сәндеп, мәнерлеп қоюмен ғана шектеліп жүрміз. Ал, қала ішіндегі көшелердің арасындағы айналасы шашылып, аузы-мұрны қоқыспен бітеліп, тұншығып тұрған жәшіктерді көргенде мәдениетіміздің төмендеп бара жатқанын байқаймыз.

Құрылыс, тұрмыстық қалдықтарды жәшіктің айналасына шашып тастай салу тұрғындар үшін әдетке айналғалы қашан. Үйден шыққан тамақтардың қалдықтары қалай болса, солай шашылып жатыр. Ми айналдыратын шілденің ыстығында шыбын-шіркей құжынап, сасып жатыр. Қай көшенің ауласындағы қоқыс жәшігін көрсеңіз де осы көрініске тап боласыз. Қала тазалығын сақтау, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізілгенімен, осындай кемшіліктер атқарылған істерге көлеңкесін түсіруде. Бір-екі мысал келтіре кетейік. Наурыз көшесі, 43 «А» үй мен №3 орта мектептің арасында жаяу жүргіншілер жүретін жол бар (1-сурет). Тұрғындар үйден шыққан қоқысты жәшікке апарып әуре болмай, есік алдына тастай салатын сыңайлы. Бұл маңда орналасқан жәшіктің күйі де мәз емес. Жер үйлер мен көп қабатты үйлерге бар-жоғы 3 жәшік қойылған. Әрине, ол аздық етеді. Осындай көріністерді академик Қ.И.Сәтбаев атындағы даңғыл бойында орналасқан 70 пен 76 үйлердің маңындағы жәшіктерден де көресіз. Қаланың басты көшелеріне төтесінен жүруге ыңғайлы бұл даңғылдағы жәшік дәл жұрт жүретін жолда тұр. Тұрғындардың айтуынша, бұл көшелерде жарықтандыру мәселесі де қолға алынбай тұрған көрінеді. Дәл осы көріністі Ерден көшесі, 143 үйдің алдында орналасқан қоқыс жәшіктерінің маңынан да көз шалады. «Жағымсыз иіс терезені ашқанда үйге кіреді» дейді тұрғындар (2-сурет).

Қаланың келбетіне көрік қосатын саябақтар мен саяжолдар, көшелерде құмыраға салынған гүлдерді қойғанда бір қуандық. Алайда, осы бір шаруаның игілікке жарап кетуінде де кемшілік бар. Жақында ғана ашылған жастар саяжолына гүлдер отырғызылды. Күтімнің жоқтығынан гүлдер қурап жатыр (3-сурет). Шілденің шіліңгір аптап ыстығында гүлдерге күнделікті су қажет екені айдан анық. Жақында бір су таситын көліктің жүргізушісі көлемі ауқымды гүл отырғызылған жерге бір шелектей ғана суды құйды да кетті. Суарғансымақ болған әлгі жігіттің бұл ісі тіпті ерсі. Егер қала тазалығына, абаттануына шын мәнінде жанымыз ашыса көзбояушылықты қойған жөн болар.

Талдарды суару мұң болып тұрғанда құрт-қоңыздар қаладағы талдарды жайпап келеді. Көктем мезгілінде дәрілеп тастаса, мұндай мәселе болмас па еді, кім білсін!? Құрт жеді деп, азын-аулақ ағаштарды өз бетінше кесіп жатқан тұрғындар да бар.

Таяуда Абай көшесінің бойында кетіп бара жатсам, бір топ сиыр осы көшедегі талды талғажау етіп тұр. Күннің ыстығында қала ішіне тығылған малға тосқауыл қоймаса, талдан айырылатын түріміз бар.

Біз көзімізбен көріп, ойға түйгенімізді айттық. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, осы айтылған сыннан қорытынды шығып, ортақ үйдің тазалығына тұрғындар мен жауапты мекемелер жанашырлықпен қарайды деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.