Бірлік бастауы

Рухани келісім күні – еліміздегі әртүрлі ұлттар мен дәстүрлі діндердің арасындағы ауызбіршілік пен татулықтың, тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен ынтымақтың мерекесі.

Айтулы мерекеге орай «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Технологиялық колледж қабырғасында студенттермен кездесу өтті. «Рухани келісім күні – бірлік бастауы» тақырыбында өткен кездесуге Сәтбаев қаласының Дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының мамандары мен теологы Мәулен Тайжанов қатысып, аталмыш күннің маңыздылығы бойынша жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізді.

– Еліміз бүгінгі күннің биігіне осындай берекелі бірліктің арқасында жетті. Өйткені, кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экомикалық дамуы сол елдегі халықтардың өзара татулығының арқасында екені баршаға белгілі. Рухани келісім біздің ұлттымызға тән үлкенді сыйлау, отбасына құрмет, балаларға қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар арқылы берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ, – деді М.Тайжанов. Өз кезегінде студенттер өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, теолог маманнан тұшымды жауап алды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.