Баспаналы болды

Сәтбаев қаласында тұратын көпбалалы он бес отбасы баспаналы болды. Бұл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыс әкімдігі және «Қазақмыс Холдинг» ЖШС арасындағы үшжақты меморандум аясында мүмкін болып отыр. Өткен сейсенбіде Шаталюк көшесіндегі көпқабатты 22-үйден тұрмысқа қажетті жиһаздармен толық жабдықталған төрт бөлмелі пәтер кілттері иелеріне салтанатты түрде табыс етілді.

Осы меморандум аясында «Қазақмыс» компаниясы өзінің қызметкерлеріне пәтерлер сатып алып қана қоймай, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға барынша көмек көрсетуде. Осылайша, әлеуметтік жауапкершілік принципін қолдауда. Жалпы, «Қазақмыс» еліміз бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, әлеуметтік жауапкершілікті орындай бастаған алғашқы компанияның бірі болып табылады.

Елбасының «Әрбір қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелерін күні ертеңгі болашақта емес, дәл бүгінгі уақытта сезінуі тиіс», деген сөзін алға тартқан Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов осы уақытқа дейін жетпіс үш отбасының пәтермен қамтамасыз етілгенін атап айтты. Көрсетіліп отырған әлеуметтік көмектің атаулы және жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, ол көпбалалы отбасыларға көмек көрсету шешімі міндетті түрде табылуы тиіс басты проблема екеніндігіне тоқталды.

– Біз көпбалалы отбасылардың проблемаларын белсенді түрде шешуге кірістік. Бұл шаруадан біздің бизнес-серіктестеріміздің тыс қалмағаны қуантады. Әлеуметтік белсенді компаниялардың бірі – «Қазақмыс» корпорациясы екенін баса айтқым келеді, – деді қала басшысы.

Меморандум жүктеген міндеттер бойынша, «Қазақмыс» компаниясы көпбалалы отбасы мүшесі болып табылатын қызметкерлерін, сондай-ақ, аз қамтылған еңбеккерлер мен жас мамандарын ары қарай тұрғын үймен қамтамасыз ететін болды. Қазіргі таңда кәсіпорын басқа да қажетті көмек түрлерін көрсетіп жатыр.

– Жаңа пәтерлерді тек Сәтбаев қаласының тұрғындары ғана емес, Жезқазған, Балқаш қалалары мен басқа да елді мекендердегі біздің кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер де алатын болады. Сонымен қатар, біз қызметкерлеріміздің денсаулығын қалпына келтіруге, олардың білім алуына көмектесуді басты міндеттеріміздің бірі ретінде қарастырамыз, – деген «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Даму жөніндегі директоры Бақтияр Қырықпышев халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелері, әсіресе, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету ісінде мемлекет пен бизнестің тізе қоса жұмыс істеуі керектігіне баса маңыз берді.

– Елбасының көпбалалы аналарға көмек көрсету туралы тапсырма бергені қандай жақсы болды. «Қазақмыс» компаниясына айтар алғысым шексіз, – деген сегіз баланың анасы Гүлнар Медебаева разы көңілін білдіре келе шаңырағынан дәм татуға шақырды. Мұнан соң еңбек ардагері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Жайық Мұңсызбаев ақ батасын берді.

Қарағанды облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек беру ісі алдағы уақытта да жалғасын табады. Жалпы, жыл соңына дейін өңірімізде осы санаттағы бес жүзге дейін отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.