БІРЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰҒЫРЫ

Облыста 34 діни бірлестік пен 15 конфессия бар. 18 қазанда тойланатын Рухани келісім күніне арналған алғашқы шырайлы шара Тұңғыш Президенттің Теміртаудағы тарихи-мәдени орталығында өтті. Қонақтар Елбасы Н.Назарбаевтың елдегі татулық пен ынтымақ, толеранттылық пен ізгілік идеясының жаһандану жағдайындағы қырымен танысты.

«Уақыт ағымында», «Қазақстан жолы», «Қазақстанның құрыш келбеті», «Тұлғаның ерен қабілеті», «Тәуелсіз Қазақстан», «Өз заманының перзенті» атты залды тамашалаған 11 діни конфессияның өкілдері ерекше әсер алып, өз ойымен бөлісті. «Ислам ешкімді ұлт пен нәсілге бөлмейді, бәріне құрметпен қарайды. Алланның алдында қандай да бір артықшылығы болса, ол тек тақуалықпен өлшенеді. Бүгінгі жиынға басқа дін өкілдерінің келгеніне қуандым. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер» деп әмір етсе, Оның Елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар!» деп жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген, – дейді облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Талғат Маратұлы.

Сөз кезегін алған миссионерлік «Грейс» шіркеуінің пасторы Алексей Сорокопуд: «Рухани келісім күніне орай жылда осылай жиын өткізу дәстүрге айналған. Бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан ұлттар арасындағы бірлік – басты мемлекеттік құндылық. Біз сол құндылықтың сақталуына мүдделіміз, әрі сол үшін жұмыс жасаймыз, – деді.

Бүгінде бірлігі жарасқан Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық тұғыры екеніне шара барысында тағы да бір көз жетті.

Комментарии закрыты.