Шектеу шаралары күшейтілді

Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылданды. 19 қазаннан бастап облыстың периметрі бойынша сегіз санитарлық бекет пайда болады, онда полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді.

«Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Тіпті, кейбір аймақтардағы ахуал ушыға түсті. Бұл жағдай, әрине, бізді де алаңдатады. Барлығымыз ел ішінде және айналамызда тұрақтылық болғанын қалаймыз. Сондықтан, әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен қымбат», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте сөйлеген сөзінде. Ел Президентінің осы бағытта алға қойған міндеттерін жүзеге асыру барысында біздің өңірімізде де ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Әсіресе, көрші облыстарда сырқаттың етек ала бастауына байланысты оның алдын алу шарасы ретінде 19 қазан күні сағат 00.00-ден бастап өңірде санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылданды. Нақтырақ айтқанда, облыс бойынша сегіз бекет болады. Олар – Жезқазған, Приозерск қалаларында, Ұлытау, Нұра, Бұқар Жырау, Қарқаралы аудандарында бір-бірден, Осакаров ауданында екі бекет орнатылды.

Сақтық шаралары

– Санитарлық бекеттерде полиция мен медицина қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын бірге тексереді. Бақылау термометрия мен сауалнаманы қамтиды.

– Сондай-ақ, кіреберістерде тәулігіне кемінде екі рет профилактикалық дезинфекциялау және ылғалды жинау жүргізу қажет.

– Күн сайын балалар мен аула алаңдары дезинфекцияланады.

– 65 жастан асқан адамдарға қозғалысты шектеу ұсынылады.

– Мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметшілердің 50 проценті қашықтықтан жұмыс форматына көшірілуі тиіс (штатында 30-дан астам қызметкер бар).

– Шетелге шығатын туристермен ақпараттық жұмысты күшейту талап етіледі.

– Ереже бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркеу үшін сауда ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, желілік дүкендерде, қоғамдық тамақтану пункттерінде (50-ден астам отыратын орын бар) бейнекамералар орнату ұсынылды.

– Өнеркәсіптік кәсіпорындарда, автобекеттерде стационарлық тепловизорлар мен ақылды бейнебақылау жүйелерін орнату талап етіледі.

– Жолаушылар көлігіне жүктемені төмендету мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдардың сараланған жұмыс кестесі бойынша мәселе шешілетін болады.

– Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары өз қызметкерлерін жұмысқа және үйге жеткізуді ұйымдастыруы керек.

– Қалмызда еріктілер зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жұмыстарын жандандырады.

– Бетперделік режимнің, санитариялық-дезинфекциялық талаптардың сақталуын бақылау күшейтілетін болады.

– Ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) өткізуге, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады. Ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар және т.б.), кинотеатрлардың (ашық кинотеатрлардан басқа), букмекерлік кеңселердің жұмысына әлі де рұқсат етілмеген. Шектеу шараларының талаптарын бұзғандарға әкімшілік шара қолданылады.

Шектеуге шекеден қарама

Жасыратыны жоқ, шектеу шараларына немқұрайлы қарап, оны сақтамайтындар, тіпті, кері ақпарат бергісі келетін жандар әлі де аз емес. Олар түрлі деңгейлерде әкімшілік жазаға тартылып жатыр. Бір өкініштісі, мұндай келеңсіздіктер біздің қаламызда да орын алып отыр. Осындай оралымсыздықтарды болдырмау үшін карантин кезінде мобильді топтар рейдтік іс-шаралар жүргізетінін тағы қайталап естеріңізге саламын. Оны орындамаған жағдайда қалтаңыздағы қомақты қаржыдан қағылатын боласыз. Мәселен, бүгінгі күнге дейін мобильдік топ 84 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Тәртіп бұзушыларға қатысты 4 722 600 теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің м.а. тұрғындарды талаптарды сақтауға шақырды.

Сақтансаң сау боласын

Вирус әлі де қауіпті. Үйден қажет болмаған жағдайда шықпаңыздар, көпшілік жиналатын жерден аулақ болыңыздар, әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтаңыздар. Бұл талаптар сіздердің және сіздердің жақындарыңыздың өмірі үшін аса қажет. Өйткені, коронавирус инфекциясы ойын емес. Тіпті, ауыр сырқат бұл. Оның қаншалықты қауіпті екенін көктем мен жаздағы сырқаттың салдары анықтап берді. Қаншама жандар өмірден озды. Сондықтан, сақтық шараларын қатаң ұстаныңыздар.

Орайы келгенде айта кетейін, пандемия басталғаннан бері Сәтбаев қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған 963 адам тіркелді, оның 960 пациенті сауығып кетті. Ағымдағы жылдың 16-18 қазан аралығында 3 жағдай тіркелді. Барлығы симптомсыз және үй карантинінде. Сырқат одан әрі өршімес үшін онымен баршамыз болып күресейік.

Жасұлан ДӘУЛЕТБАЕВ,
«Сәтбаев қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасы» ММ-сі басшысының м.а.

Комментарии закрыты.