Алғысқа лайық арда қызмет

Тағдырдың жазуымен жалғыз немесе қараусыз қалған қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың жанынан табылып, көмек көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі зор. Олар қарттарға қамқор болып, мүгедектердің мұңымен бөлісіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан бөлектенбеуі үшін аянбай қызмет етіп келеді.

Қазан айының соңғы жексенбісі осы адалдыққа лайық арда қызмет иелерінің төл мерекесі. Осы мерейлі мереке қарсаңында біз қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде болып, ондағы әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс барысымен танысып қайтқан едік. Бізді қарсы алған жалғызбасты зейнеткерлерге үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімнің басшысы Гүлназия Мансурова әлеуметтік қызметкерлердің жұмысымен таныстырып, тағдырдың тауқыметін тартқан жандардың бабын табу оңай еместігін айтты.

– Біздің, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде «Мүгедектер мен қарттарға үйде қызмет көрсету» және «Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшелері жұмыс істейді. Бөлімшеде жалғызбасты бөгде адамның көмегіне мұқтаж 183 қарт есепке алынған. Оның 38-і – мүгедек, 145-і­ – зейнеткер. Сонымен қатар, 60 тыл ардагерлері бар. Оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкердің саны 33. Біздің қызметкерлеріміз арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында қызмет алушылардың үйіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, емханаларға апарады. Олардың коммуналдық төлемдерін төлеп, азық-түліктерін де жеткізіп береді. Сонымен қатар, күнделікті ағымдағы жұмыстардан басқа қарт кісілердің үйлерінде жеңіл жөндеу, қысқы жылуға дайындық жұмыстарына және тұрғын үй көмегіне тиісті құжаттамаларын тапсыруға көмек көрсетеді, – дейді Гүлзазия Мансурқызы.

Бөлім басшысы орайлы тұста осы бөлімде ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп, жабырқау жандардың жанына жүрек жылуын сеуіп жүрген қызметкерлер туралы да айтып, олардың есімдерін атап өтуімізді сұрады.

– Жалпы, біздің бөлімдегі әлеуметтік қызметкерлердің қай-қайсы болса да мақтауға лайықты жандар. Соның ішінде өздерінің көп жылғы тәжірибелерімен көпке үлгі болып жүргендерін ерекше атап айтқым келеді. Мәселен, Күлназия Бекенова, Гүлбану Арынғазина, Алмагүл Жанұзақова, Бейсенкүл Ибраева, Бота Тоқбергенова, Жұмабала Байсалбаева, Жанат Қарымбаева, Маркеш Қасқатова, Мағрипа Наурызбаева, Жанар Жүнісова, Алтын Жамауова, Айкеш Аманжолова, Ұлтуған Даниханова, Зәуреш Наурызбаева сынды қызметкерлеріміз – біздің мақтанышымыз, – дейді бөлім меңгерушісі.

Комментарии закрыты.