Екінші маусымды аяқтады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Жасыл Ел» Жастардың еңбек жасағы 2005 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Жеті жылдың ішінде бағдарламаны орындау барысында республика көлемі бойынша 114 мың жастар еңбек жасағына қатысып, қомақты істердің атқарылуына үлестерін қосқан.

Кеншілер қаласы жастарының да бұл бағдарламаның нәтижелі болуына қосқан үлестері ауқымды. Жастардың сол еңбектері облыс бойынша былтырғы жылы жоғары бағаланды.

Биылғы жылғы еңбек маусымы да еңбек жасағы үшін сәтті болды. Үш маусымда еңбек ететін жастар екінші кезеңді аяқтады. Сейсенбі күні спорттық сауықтыру кешенінде еңбек маусымының жабылу салтанаты өтіп, белсенділер мен үздіктер марапатталды.

Марапаттау рәсіміне қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Кауһар Сағындықова қатысып, жасылелдіктерге ризашылығын білдіріп, белсенді жасақшыларды Құрмет грамотасымен марапаттады.

Жасақшылардың атынан Әлия Жұмабаева сөз алып, бағдарламаға қатысу өзі үшін мақтаныш екендігін жеткізді.

Жүз елу баланы жазғы маусымда еңбекпен қамтыған бұл бағдарламаға биыл мектеп оқушылары, №3 кәсіби лицейдің және технологиялық колледждің студенттері мен Жезқазған кентіндегі «Мерей» және «Жалғас» балалар үйінің тәрбиеленушілері атсалысты.

Салтанаттан соң кешеннің футбол алаңында жасақшылар арасында футболдан жолдастық кездесу өтті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.