Ескі сарыннан жаңа жүйеге

Өткен жұмада «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлестігі Zoom платформасында Жезқазған-Ұлытау өңірінің БАҚ өкілдері арасында «Заманауи медиакеңістікте ақпарат таратудың жаңа мүмкіндіктері мен әдістері» атты онлайн-семинар өткізді.

Журналистерді, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарына қызығушылық танытқан жастарды журналистік саланың қыр-сырына үйрететін ерекше жобаның басты қонағы ҚР Құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері, журналистика академиясының академигі, ҚР Тұңғыш Президентінің «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері Серік Жанболат болды. Қазақстандық журналистиканы дамыту, жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру, журналистика трендтерін, телевизиялық және баспа материалдарын сапалы берудің әдістері мен тәсілдері жайы қозғалған шарада орамды ойлар ортаға салынды.

– Салалық журналистиканы дамытып, кадр даярлау жүйесін қайта қарау керек. Өйткені, елде экономика, медицина, қаржы сияқты күрделі тақырыптарда жаза алатын білікті журналист тапшы, – деген журналистика қайраткері нақты бір саланы меңгерген журналистердің аздығынан ақпараттың толық берілмейтіндігіне тоқталды.

Кадр мәселесінде жасампаз жол іздеп, деңгейін көтеру маңызды. Бұл проблеманы шешу үшін ұлттық жоспар аясында құрылатын мультимедиалық білім беру тұғырнамасының рөлі жоғары екендігі анық. Біз қоғамды тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан, бастысы ағымдағы ақпаратты берумен қатар елдің өркендеуіне, ойдың кемелденуіне, адамның рухани дүниесін дұрыс дүниемен толтыруға атсалысуымыз керек. Пандемия кезінде біз, журналистер, дәрігерлер мен полицейлер және әскерилермен қатар өз азаматтық позициямыздан айнымай, қауіптің алғашқы шебінде жүрдік. Халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп отырдық. Бұл өз кәсібімізге деген адалдықтың айқын дәлелі.

Сонымен қатар, онлайн-отырыста қазақ журналистикасына жаңа пәрмен беретін, қадамын ашатын интернет журналистиканы дамыту керектігі де айтылды. Ақпараттық саясаттағы жаңашылдық интернет журналистикамен байланысты. Бұл жаңару мен өсу дегенді білдіреді. Қазақ баспасөзінде қалыптасқан мектеп пен кәсіби біліктілікті енді интернет журналистикада қалыптастырған жөн. Бізге, аймақтағы газеттерге, жастар қызметке келе бермейді. Ал, жас журналистердің санын көбейту үшін жаңа медианы, интернет журналистиканы пайдалану қажет ақ. Бұл тұрғыда қазақ сайттарын ашуға болады. Егер қаражат, интернет мүмкіндігі жоғары болса, аймақтарда жас әрі мықты журналистердің толқыны қалыптасады. Бұл ретте журналистердің кәсіби біліктілігін көтеру керектігі жайы да қозғалды. Қазір бірнеше тілді білетін «әмбебап» журналистеріміз көп болса да әр саланың өзінің мамандандырылған салалық журналистері болуы қажеттігі туындап отыр. Зерттеп, талдап жазған мақала қашан да сапалы шығары анық. Мемлекеттің, халықтың деңгейі көтерілген сайын журналистерге қойылатын талап та күшейетінін естен шығармағанымыз жөн. Кадрларды даярлау проблемаларын, жас тілшілердің кәсібилігін, журналистік этика мәселелерін, БАҚ пен биліктің атқарушы органдарының өзара әрекеттестігі талқыланған онлайн-семинар журналистиканы дамыту проблемалары мен болашағын айқындап бергендей болды.

Құрметті оқырман қауым, осы ретте «Шарайна» газетін ескі сарыннан арылтып, жаңа жоба, жаңа жүйеге көшіру бағытында қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар? Ой-пікірлеріңізді ортаға сала отырыңыздар. Біз сіздерден хат күтеміз.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.