АҒА ӘРІПТЕС – АКАДЕМИК

Белгілі ғалым, көрнек­ті көсемсөз шебері Зарқын ТАЙШЫБАЙ Жоғары мектеп ҰҒА-ның академигі атанды. Биыл қазанда Зарқын ағаның шығармашылық қызметіне 60 жыл толды. Жемісті алпыс жылдың құрметіне М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Ғалым-ұстаздың жемісті жолы» атты бейнеконференция өткізіп, ғалымға құрмет көрсетті.

Ұстаздық пен ғылымды қатар алып келе жатқан Зарқын ағаның есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Қарағанды университетіндегі журналистика кафедрасының негізін қалады. Кейін Қызылжарға қоныс аударып, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде журналистика кафедрасын ашты. Бүгінде жүздеген, тіпті, мыңдаған журналист «Зақаңның алдынан өткенбіз» деп мақтанышпен айтады.

Зарқын аға қазақтың тау тұлғаларын тану ісіне қомақты үлес қосты. Абылай хан туралы еңбегі сұраныстың сұрапылдығынан бес мәрте қайта басылды. Тың дерекке толы Абай мен Шоқан жайлы жинағы жарық көрді. Ақын Мағжан ғұмырының қалтарысына үңілген «Мағжанның Қызылжары» кітабы оқырманға жол тартты. Міне, осындай ауқымды еңбектің басында тұрған аға әріптес кез келген құрметке лайық екені анық.

Комментарии закрыты.