Отандық өнімді қолға алған

Тележурналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар Қуантай Амантайұлының есімі сәтбаевтықтар үшін таныс болса керек. Ұлытаудың тумасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика мамандығын меңгерген Қуантай «Хабар» арнасында дыбыс режиссері болып журналистика саласындағы алғашқы қадамын бастады.

Үлкен ортада тәжірибе жинаған Қуантай 2009-2010 жылдар аралығында қаламыздағы «СТА» телеарнасында журналистік қызметінде әр алуан бағдарламаларымен көпшіліктің көңілінен орын алды. Әсіресе, оның «Айтарым бар» авторлық бағдарламасы қаланың дамуына өз үлесін қосқан азаматтар жайында сыр шертсе, «ХХІ ғасырдағы қазақ балалары» интеллектуалдық бағдарламасы сәтбаевтық жастардың білім деңгейін көрсетті. Қуантай кейін арманы жетелеп ел ордасы – Астанаға бет алады. Ондағы көздегені – продюсерлік орталық ашу. Жоқтан бар жасауға ұмтылған әріптесімізді онда тіреп тұрған ешкімі жоқ еді, алайда, өзінің техника тілін меңгергендігі мен талантының арқасында ол арманына да жетті. 2010 жылы өзінің кіндік қаны тамған туған жері – «Жетіқоңырдың» атымен продюсерлік орталықты құрды. Бұл орталықты ашқандағы мақсатының негізгі бағыты – бүгінгі таңда мәдениет саласында ақсап тұрған балалар киносы мен мультипликация саласын дамыту. Бір айта кетерлігі, әріптесіміз қазіргі күні де «Қонақ кәде», «Жеті өнер», «Солай екен» сынды бірнеше бағдарламалардың және бірнеше сайт жобалардың авторы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауларында ұлттық өнімдерге аса мән беру керектігін қадап айтып жүр. Бұл бағыттағы жұмыстардың да қарқыны жаман емес. «Елбасы қойған тапсырманың оң нәтиже беруіне өзіндік үлесімді қазақ анимация саласын, қазақ балалар киносы жанрын дамыта түсу арқылы неге қоспасқа» деп ой түйген әріптесіміз қазіргі таңда осы бағытта бірнеше жобаларды қолға алып, мамандармен жұмыс жасау үстінде көрінеді.

– Елдің ертеңгі тұтқасын ұстар бүгінгі бүлдіршіннің қазақи тәрбиеде өсуіне ең әуелі қазақтың тілін, дәстүрін, салтын насихаттайтын кино не мультфильмдер қажет екені айдан анық дүние ғой. Осы мақсатта біз бірнеше жобаларды қолға алдық. Қазір жұмыс басталып та кетті. Алайда, қаржы жағы қолбайлау болып тұр. Ыңғайын тауып мамандармен жұмыс жүргізіп отырмын. Әрине, мұндай ірі жобалар мол қаржыны қажет ететіні айдан анық. «Самұрық» Ұлттық әл-ауқат қорына ұлттық өнімді қолдауға да сұраныс берген болатынбыз. Олар да қаржы көздерін қарастырып жатыр. Қолға алған жұмыстың нәтижесін көрсек деген тілегіміз бар. Осы тілегімізге жетуге әрі ұлттық өнімді сәтбаевтық кішкентай балаларға да базарлық ретінде ұсыну үшін өзімнің туған жерім қолдау көрсетеді деген ойдамын. «Жетіқоңыр» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен сегізінші тамызға концерттік бағдарлама әзірлеу үстіндеміз. Бұл концертке жерлестеріңіз, сазгер, аға буынның сүйікті әншісі Ахмедия Есмұхан, Көк тудың мәңгі желбіреуін тілеп, әндетіп жүрген жас әнші Ибрагим Ескендір және т.б өнер айдынында қанатын жайып келе жатқан дәстүрлі ән орындаушы жастар мен эстрада жанрындағы жас әншілер қатысады деп күтілуде. Осы концерттік бағдарламадан түскен қаражат қолға алып жатқан қазақ тілді мультфильмнің жарыққа шығуына жұмсалатын болады. Мультфильм 7 тілде сайрайды. Бұл істің нәтиже беруіне сәтбаевтық жерлестерім де өз үлестерін қосады деп ойлаймын, – дейді Қуантай Амантайұлы.

Отандық өнімді қолға алу жолында тер төгіп жүрген ұлдарыңыздың алғашқы қадамына қолдау көрсетіңіздер, құрметті жерлестер!

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.