«Алтын күзді» атап өтті

Балаларға күз мезгілінің ерекшеліктері, оның берекесі мен молшылығы жайлы түсінік беру, күз өнімдерімен таныстырып, ағзаға пайдасы туралы білімін кеңейту мақсатында қаламыздағы білім беру мекемелерінде жыл сайын «Алтын күзді» атап өту дәстүрге айналған.

Осындай мақсаттағы іс-шара өткен жұмада №5 «Нұрбөбек» балабақшасының «Ботақан» г тобында аталып өтті. Топ тәрбиешісі Балгүл Оспанова ұйымдастырған «Жомарт күз» атты ертеңгілік балалардың орындауындағы әсем әнмен ашылды. Одан әрі мерекенің басты қонағы «Күз ханшайымы» ортаға шығып, көкөністер мен жеміс-жидектер тақырыбында жұмбақ жасырды. Балалар қонақтарға дайындаған өнерін ортаға салып, өлең оқып, тақпақ айтты. Әсіресе, «Күз ертегісі» театрландырылған көрініс көңілден шықты. «Кім жылдам?», «Шалшықтардан секір» секілді түрлі ойындарға белсене қатысқан бүлдіршіндер би билеп, жан-жақты екендіктерін танытты. Сондай-ақ, қыз балалар арасында «Күзгі сән үлгісі» сайысында ата-аналарымен бірлесіп дайындаған әдемі киім үлгілері назарға ұсынылды. Ертеңгілік соңында «Күз ханшайымы» рөлін сомдаған топ тәрбиешісі Ақерке Сандыбай ризашылығын білдіріп, балдыр­ғандарға сый-сияпат жасады.

– Басты мақсатымыз – балалардың түрлі тақырыпта білімін жетілдірумен қатар, олардың бойына адамгершілік қасиет қалыптастырып, шығармашылық қабілетінің дамуына ықпал ету. Бүгінгі шара табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері туралы ақпарат беріп қана қоймай, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, ән салып, тақпақ айту арқылы сөздік қорын молайтып, ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізді деген сенімдемін, – дейді топ тәрбиешісі Балгүл Оспанова.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.