Ажарлы аллеяда – Абай ескерткіші

Ұлы Абайдың мерейтойы аясында кенді қаланың келбеті одан әрі ажарлана түсті. Шаһардағы ең үлкен көшелердің бірі саналатын Абай атындағы көшенің көркіне көрік қосып, аллея мен ақынға арналған ескерткіш бой көтерді. Өткен жұмада ұлы ойшылға арналған бюст салтанатты жағдайда ашылды.

Алаштың бойтұмары – Абайдың биылғы мерейтойы елдің әр өңірінде кеңінен аталып өтуде. Бұл мереке той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыда дамуымыз үшін аса қажет. Діни таным мен қоғамдық сананы, ғылымды, жалпыадамзаттық мәңгілік құндылықтарды сабақтастырып, адамзаттық ілімді, «Адам бол» қағидатын ұстануға шақырған Абайдың мұрасы өскелең ұрпақ үшін айнымас темірқазық болып қала бермек. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомар Тоқаевтың ақынның туған жеріне барған сапарында «Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы» деп айтқан сөзі көп ойды меңзейді.

Салтанатты шара С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театры әртістерінің театрландырылған қойылымымен ашылды. Бюст пен аллеяның ашылуымен құттықтаған қала әкімі Асқар Ыдырысов ғұламаны тек елдің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгері ретінде танылғанын атап өтіп, оның рухани мұрасы өскелең ұрпақтың темірқазығы болатынын атап өтті. Ашылған аллея көшеге көрік беріп қана қоймай, жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс деді.

– Аллеяда ақын ескерткіші бой көтеріп қана қоймай, данагөй ғұламаның 45 нақыл сөзі жазылған тақталар орнатылды. Кемеңгер тұлға батыс пен шығыс ғұламаларын оқи келіп «Адалға жүрмей, адам түзелмейді, адам түзелмей, қоғам түзелмейді. Қоғам түзелу үшін әркім өзін-өзі түзеуі керек» деген ойға тоқтады. Ол үшін бос сөзді қойып, еңбек ету қажет. Абай: «Егін, сауда, кәсіп, ғылым – адам болудың баспалдағы» деп, 19 ғасырда-ақ бірлік арқылы күллі адамзаттың көшіне ілесе білуге шақырды. Бұл кемеңгер тұлғаның көрегендігінің белгісі.

Кемеңгер, ойшыл, данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ақынның ескерткіші бой көтеріп, аллеяның ашылуы қала тарихындағы маңызы өте зор оқиға деп санаймын.
Ұлы Абайдың биылғы мерейтойы адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ, жарқын келешекке деген сенім мен әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да жеңетін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық». Жүрек көзі ашылған адамзат баласы жақсылықтан ешуақытта үміт үзбейтіні хақ.

Абайдың сөзі мен ойы біздің күндегі тірлігімізге, өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін! Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Баршамызды Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін, – деді қала басшысы.

Маңызы зор мерекеде Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұса Тілеуов, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Батырбек Мырзабеков құттықтау сөз сөйлеп, Абайға деген құрмет толастамайды деген тілек білдірді. Жас ақын Жайна Ділдебаева арнау өлеңін оқыды.

Абайға арналған ескерткішті ашу құрметі қала әкімі Асқар Ыдырысов, қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өтеш Ахметов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіровке берілді. Ақын рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды.

Айта кетейік, ақынның тұғыртастағы тұлғалық бейнесін ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының корреспондент мүшесі Бейбіт Мұстафин және ҚР Суретшілер одағының мүшесі Владимир Троценко сомдап шыққан.
Шараға қатысушылар ескерткіш алдында естелікке суретке түсіп, ұзындығы 270 метр болатын аллеяны тамашалады.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.