Асқынғанда аспирин пайдалы

Америка ғалымдары COVID-19 кезінде аспирин ішу инфекцияның өлімге соқтыру тәуекелін төмендететінін анықтады. Бұл туралы Daily Mail сайтына сілтеме жасай отырып, Tengrinews.kz хабарлайды.

АҚШ-тағы Мэриленд университетінің Медицина мектебі дәрігерлері анықтағандай, емдеуге жатқызылған пациенттер ішінде осы препаратты тұрақты түрде қолданатын науқастардың коронавирус кеселінен көз жұму ықтималдығы 47 проценттен төмен көрінеді. Зерттеу кезінде мамандар аспиринді ішетін пациенттер мен бұл препаратты қолданбайтын емделушілерді салыстырған. Оның нәтижелері дәрігерлерді таң-тамаша қалдырыпты. Аспирин тобындағы емделушілердің 43 проценті ғана интенсивті терапия бөліміне түскен және сырқаттардың 44 проценті ғана тыныс алу аппаратын қолданған.
UMSOM анестезиология кафедрасының доценті Джонатан Чоу «егер аспириннің тиімділігіне көз жетсе, онда ол коронавируспен күресте ең арзанға түсетін «қаруға» айналар еді» дейді.
Оқымыстылар тобы зерттеудің нақты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін COVID-19 дертін жұқтырған 412 пациенттің медициналық жазбасын қадағалауға алған. Бұл науқастар Балтимордағы Мэриленд университетінің медициналық орталығына емдеуге жатқызылған. Зерттеушілер сырқаттардың жас айырмашылығы, жынысы, нәсілі, дене салмағының индексі, гипертония мен диабеттің болу-болмауы секілді бірнеше факторды есепке алыпты. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, ең бастысы, аспирин пациенттердің өлімге душар болу, сондай-ақ, қатты қансырау секілді асқыну тәуекелін төмендеткен.
Ғалымдар коронавирус індетінің жүректе, өкпеде және қан тамырларында тромбтың пайда болуына соқтыратынын айтады. Қанның қойылуы һәм ұюы инсультке, жүрек талмасына себеп болуы әбден мүмкін. Ал аспирин дәрісі қанды сұйылтып, қоюланудың алдын алып, сарапшылар пікірінше, COVID-19 меңдеген ағзаға пайдасын тигізеді.
Дей тұрғанмен, зерттеушілер аспириннің коронавирустің алдын алу үшін қолдануға арналмағанын, ол тек дерті бет бақтырмай, асқынудың алдында тұрған науқастарға ғана көмектесе алатынын алға тартады.

Ғаламторды қараған
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.