Қуанышты қос хабар

Әріптесіміз, аймаққа белгілі журналист Ізтай Бейсенбаев жуырда «ҚР ауыл шаруашылығы кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. «Ұлытау» газетінің 80 жылдық мерейтойында көрсетілген құрмет медаль иесінің көп жылғы еселі еңбегіне берілді.

Журналистика саласында 40 жылдай уақыт еңбек етіп жүрген Ізтай Белгібайұлына бұл марапатты «Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Ұлытау ауданындағы төрағасы Шаяхмет Үмбетов табыс етті. Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Бегаев марапат иесін құттықтап, еңбегіне табыс тіледі.

Ал, «Вечерний Сатпаев» газетінің редакторы, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов «Қарағанды облысының Азаматтық альянсы» қауымдастығының арнайы тағайындаған «Ұстаным» медалін кеудесіне тақты. Азаматтық секторды дамытуға қосқан үлесі үшін берілген төсбелгіні өткен сәрсенбі күні Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина үкіметтік емес ұйым төрағаларының қатысуымен өткен жиында табыстады.

Әріптестерімізді алған марапатпен құттықтай отырып, еңбектеріне сәттілік тілейміз.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.