Тұрақтылық тірегі

Төл теңгеміздің айналымға түскеніне биыл жиырма жеті жыл толды. Мемлекетіміздің мәртебесі асқақтаған осы күні өз ұлттық ақшамызды ұстап, мерейіміз өскені мәлім. Экономикамыздың тұрақтылығы осы валютамыздың нығаюына тікелей байланысты. Қаржыгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасын құттықтай барып, жаңадан тағайындалған басқарма басшысы Төлеген ИСКАКОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Төлеген Асхатұлы, жаңа қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймыз. Алдымен сіз басқарып отырған мекеменің негізгі атқарар жұмысына тоқталып өтсеңіз.

– Рахмет! Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің аумақтық бөлімшесі болып табылады. Қазынашылық органдары бұл республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуына, мемлекеттік мекемелердің қолма-қол бақылау шоттары арқылы өздерінің аударым операцияларын жүргізуіне, сондай-ақ аударымдарды есепке алуға, бюджеттің тиянақты жүзеге асуына кассалық қызмет көрсетеді.

Біздің жұмысымыз мемлекеттік мекемелермен тығыз байланысты. Жергілікті атқарушы органдарға қарасты мемлекеттік мекемелер өз жұмысын тікелей қазынашылық басқармасы арқылы жүзеге асырады. Олардың бекіткен жылдық бюджеттеріне міндеттемелер қабылдайды. Сол міндеттемелерді әрі қарай төлем ретінде жүзеге асыру қазынашылық қызметі арқылы ұйымдастырылады. Қазір барлық операциялар «Клиент» атты арнайы ақпараттық автоматтандырылған жүйе арқылы іске асырылады. Бүгінде барлығы 41 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетіп жатырмыз.

– Жаһандану дәуіріне аяқ басып келеміз. Бүгінде ақша айналымы, оған қатысты атқарылатын әрбір процесс электронды жүргізіліп жатқанына бәріміз куәміз…

– Иә. Өркениетке ілесу – заман талабы. Біздегі көрсетілетін барлық қызмет тек электронды түрде жүзеге асырылады. Қағаз жүзінде ешқандай қызмет көрсетілмейді. Соңғы бес жыл көлемінде қаржы құжаттары, аударымдар жоғарыда айтылған жүйемен жүзеге асады.

– Біле білсек, басқарманың құрылғанына он жеті жылға жуықтаған екен. Осы жылдар ішінде атқарылған жұмыс ауқымды деп білеміз. Ұжым өз ісіне шын берілген, көп жылдар бойы абыройлы атқарып келе жатқан ардагерлерден кенде емес шығар…

– Әлбетте, басқарма құрылғалы бері мемлекеттік қызметкерлердің бірнеше шоғырын дайындап үлгерді. Бас маман-бас қазынашылар Гүлнар Әбдікәрімова, Оралай Қалиева, Гүлмира Ашенова басқарма бар кезден жемісті еңбек етіп жатқан ардагерлер санатында болса, Назира Рақышева, Әсел Ахметова, Жанна Бегімова, Балдырған Оразғұлова да білікті әрі тәжірибелі қызметкерлер есебінде.

– Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Еңбектеріңіз жана берсін!

Әңгімелескен Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.