Дарынды шәкірт – білікті ұстаздан

Жақында Алматы қаласында «Мұрагер» байқау орталығының ұйымдастыруымен Республикалық «Жеті өнер» жасөспірімдер мен балалардың шығармашылық байқауы ұйымдастырылған болатын. Өнер додасына сәтбаевтық балалар да қатысып қайтты.

«Қолөнер», «Хореграфия», «Көркем сөз» жанрлары бойынша бар өнерін ортаға салған балғындар құралақан еместігін айқын танытты. Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың ұлттық өнерге, сән және қолөнер түріне деген сүйіспеншілігін, шығармашылық, эстетикалық-көркемдік дамуын, салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының сектор меңгерушісі, «Асыл оймақ» үйірмесінің жетекшісі Қалтай Аймагамбетова осы байқауда балаларға өнегелі тәрбие бергені үшін «Үздік Ұстаз» номинациясына ие болды.

«Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, «Асыл оймақ» үйірмесінің қатысушысы №1 мектеп-гимназиясының 4 «Г» сынып оқушысы Аружан Аяпова «Қолөнер» жанры бойынша бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар, байқау жеңімпаздары 2021 жылы Алматы қаласында өтетін байқауға жолдама алды.

М.АЛПЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.