АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ – АБАЙДА

Жуырда ұлы ақынның еңселі ескерткіші елде Һакім есімін иеленген жалғыз шырайлы шаһар – Абай қаласында бой көтерді. Алашымен қауышқан жаңа ескерткішке облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК және салтанатты жиынға қатысқан бір топ қадірлі қонақ гүл шоғын қойды.

– Міне, Абай есімімен аталатын жалғыз қалада ұлы ойшылдың еңселі ескерткіші ашылды. Елбасы ұлы тұлғаның қадір-қасиетін «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті» деп бағалады. Ұлы Абай – елдің ғана мақтанышы емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ақын мұрасындағы терең ой, өршіл рух ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ, – деді аймақ басшысы.

Сосын қоғам және мемлекет қайраткері, абайтанушы Ғ.Есім, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты С.Әбдірахман сөз алды. Шарада «Абай жаққан бір сәуле…» атты жергілікті ақындар жинағының тұсауы кесілді. Шахтинск қаласы орталық кітапханасымен бірлесіп жүзеге асырылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 18 тілдегі дискілі жинағы ұсынылды.

Ескерткіш таза қоладан құйылған. Тұғырымен бірге биіктігі – 10 метр. Салмағы – 5 тонна 600 кило. Авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қарағандылық мүсінші Бейбіт Мұстафин.

Комментарии закрыты.