Көшбасшылар анықталды

Ел тарихында алғаш рет Елбасы «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес праймериз өткізілді. Оның мақсаты Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша дамыту, оларды мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік негізінде мықты көшбасшыларды анықтау еді.

Аталмыш жоба өз деңгейінде бірінші кезеңін тәмамдап, екінші кезеңге өтті. Барлық санитарлық талаптарды орындай отыра, өткен аптада Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясы ұйымдас­тырылды. 90 делегат қатысқан конференцияны қалалық филиал төрағасы, шаһар басшысы А.Ыдырысов ашып, жүргізіп отырды.

Конференцияда жұмыс органдарының құрамы бойынша ұсыныстар дайындалып, күн тәртібінде Сәтбаев қалалық филиалы бойынша сайлауалды бағдарламаны бекіту, праймериздегі пікірсайыстардың қортындысы бойынша кандидаттар үшін дауыс беру, қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту және делегаттарды сайлау бойынша мәселелер кеңінен талқыланды. Делегаттардың өкілеттігін растау бойынша мандат комиссиясының төрағасы Ершат Момынбайұлы баяндама жасады.

Бұдан бөлек облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар арасында пікірсайыс өткізіліп, 6 үміткер өзі жайында толыққанды ақпарат берді. Оларға белгіленген тәртіп бойынша дауыс беру процесі өтті. Осылайша күн тәртібіндегі 4 мәселе жіті талқыланып, шешім шығарылды. Сәтбаев қалалық мәслихаты депутаттарының партиялық тізіміне бас-аяғы 24 үміткер ілінсе, соның 4-і арнайы квота алғандар. Ал, «Нұр Отан» партиясы ҚБ Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІҮ конференциясына 9 адам делегет болды. Конференция соңында Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарын сайлау жөніндегі науқанға байланысты қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Балмағамбетов Сәтбаев қаласы бойынша партия штабының басшысы болып тағайындалды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.