АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Чернобыль апаты он мыңдаған қазақстандықтың түбіне жетті. Алапат апаттың зардабы әлі күнге дейін ұмытылмады. Осыдан 34 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогі жарылды.

Зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз Чернобыльға аттанды. Алайда, АЭС сепкен ажал уынан құтыла алмады. Апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небәрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болды. Улы сәуле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тарады.

Бүгінгі таңда бұл апатқа қатысқандардың саны толық шығарылмаған. Десе де, қаламызда 60-қа жуық ерлік көрсеткен аға буын өкілі бар екен. Өткен аптада қалалық Достық үйінің төрінде салтанатты жиын өтіп, осы ерлік иелеріне құрмет көрсетілді. Жиын барысында сөз алған Сәтбаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Айгүл Төлендина 1986 жылы Чернобыль қаласында орын алған апаттың себебі мен салдары туралы кеңінен айтып өтіп, апатты жоюға қатысқан қазақстандық ардагерлердің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін жеткізді. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Б.Ильиннің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісіне ие болған ардагерлерді марапаттады. Олардың қатарында Абдолла Аманжолов, Асқарбек Байтасов, Өмірзақ Байторин, Ғалым Махметов пен Мұратбек Утепов бар.

Жиын соңында Айгүл Қосманқызы 2021 жылы Чернобыль апатының орын алғанына 35 жыл толатынын, осыған орай «Чернобыль жалыны» ҚБ-нің төрағасы Мұратбек Махмұдұлымен бірлесіп мерейтойлық 35 дана медальға тапсырыс беру жоспарда бар екендігін тілге тиек етті.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.