1100 ПӘТЕР САЛЫНАДЫ

Таяуда облыс әкімдігінде жергілікті билік, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және құрылыс компаниясы келесі жылы Қарағандының Оңтүстік-Шығысындағы 30-шы шағын ауданда шамамен 1100 отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын бастау жөнінде үшжақты меморандумға қол қойды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Бұл – қарағандылықтар үшін өте маңызды жоба. Оны іске асыру облыс орталығында тұрғын үй мәселесін шешуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз өзімізге алған міндеттемені орындаймыз. Оған жер телімін бөлу және инфрақұрылым жүргізу жатады, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 30-шы шағын аудандағы жаңа тұрғын үй құрылысының аумағы шамамен 6 гектарды алатынын айтты. Жобаны «ККК Бетон» ЖШС басшылығы пысықтады. Жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезеңге жоспарланып отыр.

– Жоба біздің комбинаттың өнімділігін арттырып, жаңадан жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл – Қарағандыда тұрғын үй салуға қатысты ауқымды бесжылдық жоспар. Жер телімі бөлінісімен бірден жобалауға кірісеміз. Құрылыс келесі жылы сәуірде басталады, – деді «ККК Бетон» ЖШС директоры Александр Кику.

Сәби СҰЛТАН.

Комментарии закрыты.