Кенді өңірге келді

Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында Президент облыс орталығындағы 1200 орындық жаңа мектеппен және білім жүйесіндегі білім беруді ұйымдастырумен танысты. Одан кейін бірқатар өндіріс орындарын аралап, инвестициялық жобаларды назарына алды. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына барды деп хабарлайды akorda.kz.

Жаңадан салынған мектеп-гимназияны аралаған Қасым-Жомарт Тоқаев мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысып, білім ордасына Абай есімін беру жөніндегі ұсынысты қолдады. Мұнан соң жаңадан салынған теннис орталығына атбасын тіреп, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында болды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жеке және шетелдік инвестицияларды тарту барысына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазСолар-50» компаниясының өкілімен әңгіме кезінде жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына мән берді.

«YDD CORPORATION» ЖШС-нің ферроқорытпа зауытына барған Президент өндіріс процесімен және өндірісте, құрылыста, кеме, әуе көліктерін және автомобиль жасауда пайдаланылатын дайын өнімдермен танысты. Жоғары сапалы ферросилиция өндірісі өнімінің қоспасы болат, шойын қорыту кезінде металдардың механикалық және коррозиялық төзімділігін жақсарту үшін қолданылады. Өндірісті басқару орталығын аралап көріп, «Qaz Qarbon» ЖШС-нің жаңа жобасына назар аударған Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургия комбинатындағы мырышпен және алюминиймен қаптау цехына да барды. Цех мырышпен қапталған орамды және табақша өнімдерін өндіреді. Цехтың жалпы өндірістік қуаты жылына 700 мың тонна өнім шығаруға жетеді.

Комментарии закрыты.