Айыппұл өндіру амалы

Сәтбаев қаласының аумағында полиция бөлімі мамандарының қатысуымен «Борышкер» жедел алдын-алу шарасы ұйымдастырылды.

Полиция капитаны Қуаныш Әбішевтің айтуынша, биылғы жылы осы күнге дейін салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 57 млн. теңгені құраса, соның бүгінгі таңда 37 миллионы өндіріліпті. Ендігі жерде қалған соманы осы «Борышкер» шарасы арқылы өндіру қолға алынған. Осы ретте борышкерлердің тұрғылықты мекенжайына арнайы ескерту қағаздары жеткізілуде. Автокөлік жүргізушілеріне салынған айыппұл 1 айдың ішінде өтелмесе, көлік тұраққа қойылады. Айыппұлды төлеу тәртібі де бар. Салынған сәттен бастап бір апта бойы борышкер берілген соманың 50 пайызын жеңілдікпен төлеу мүмкіндігіне ие болады. Ал, 30 күннің ішінде өтеген жағдайда қосымша үстемақысыз толық қарыздан құтылады. Бір айдың ішінде төленбесе құқыққорғау қызметкерлері ҚР ӘҚБ бойынша кодекстің 894, 896 баптарына сәйкес жеке сот орындаушыларының көмегіне жүгінуге мәжбүр болмақ. Еске сала кетейік, айыппұл арқалағандар әкімшілік қарызы жайында жергілікті халыққа қызмет көрсету мекемесінен, болмаса полиция бөлімшелерінен біле алады.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.