Алдағы міндеттер талқыланды

«Нұр Отан» партиясы Сəтбаев қалалық филиалының бақылау комиссиясының отырысы өтіп, оған қалалық мəслихаттың хатшысы С.Имамбай, депутаттар И.Бралин, С.Мырзақоңыров, А.Төлендина қатысты.

Қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дəрібаев комиссия мүшелерін алдағы жоспардың жаңа жобасымен таныстырды. Жоспарда «Қолжетімді баспана – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларының орындалу барысын қадағалау, партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыру, республикалық байқауларға қатысу, т.б. саяси, əлеуметтік маңызды деген іс-шаралар өткізу көзделген.

Келесі кезекте Жаңбырбай Əбжəметұлы Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның əлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласындағы тапсырмалардың орындалуы жайындағы ойымен бөлісті.

– «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді жұмыстар жүргізуде. Партия жанынан құрылған Қоғамдық кеңес мүшелері құқық қорғау органдарымен бірлесіп Қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді. Мəслихат депутаттары бекітілген кестеге сəйкес партия филиалында қарапайым халықты қабылдап, келіп түскен арыз-шағымдармен жұмыс істеуін тоқтатқан емес.

Партиялық бақылау бекеттерінің басшыларының, қоғамдық кеңестің мүшелерінің дені депутаттардан құралған. Осының бəрі партия беделін көтеруге оң əсерін беруі сөзсіз. Бұл жұмыстар əлі де белсенді түрде жалғаса бермек, – деді Ж.Дəрібаев.

М.ЖАППАСБАЕВА, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы.

Комментарии закрыты.