Халық денсаулығы «Қазақмыс» назарында

Сәтбаев қаласында медицина саласы қызметінің сапасын көтеруде нық қадамдар жасалып келеді. Өткен аптада №1 орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі қажетті құрал-жабдықтармен толықты.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС толымды тарту жасап, «RED-LINE INTEGRATION» ЖШС мердігер ұйымы шығарған орталықтандырылған медициналық газды орнатып берді.

– Корпорация мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы арасында жасалған меморандум аясында Жезқазған көпбейінді орталық ауруханасы және Сәтбаев қаласындағы №1 орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне орталықтандырылған медициналық газ деп аталатын қондырғыны орнатудың сәті түсті. Бұған дейін де аталған ауруханаларды біршама қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен болатынбыз. Халық денсаулығы әрқашан назарымызда, – дейді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік еңбек қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев.

Газ баллоны аурухана сыртына орналастырылып, әрбір палата арқылы ішке енгізілген. Кішкентай қондырғы адам жанының арашашысы десек қателеспейміз. Ауа жетіспеушілігінің алдын алып қана қоймай, өмір мен өлім арасында жатқан науқастың қайта сауығып кетуіне үлкен септігін тигізеді. Бөлімше реаниматологының айтуынша, жаңа құрылғының пайдасы әлдеқайда жоғары. Бұрындары әр науқасқа жеке баллон бөлініп, ол ауық-ауық ауыстырылып отырса, ендігі жерде орталықтандырылған медициналық газ арнайы шлангтың көмегімен жаппай берілмек. Жалпы айтқанда, орталық аурухана тәжтажалдың екінші толқынына дайын. Бүгінгі таңда аталмыш індетпен тіркелгендер жоқ.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.