Еңбек əлеуетін арттыру шағын істерден басталады

Бір мүшелге толған №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің «Жас десант» спорттық-еңбек лагері еріктілерінің Шығыс Жезқазған кенішіндегі №55 шахтада еңбек етіп жүргенін, олардың еңбегіне кеніш ұжымының ризашылығы шексіз екенін жазған болатынбыз. Жаз бойына жастарды еңбекке баулып, салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін бұл лагердің жақында жабылу салтанаты өтті.

Жабылу салтанатына мектептің, кеніштің əкімшілігі, ата-аналар қатысты. Кеніш пен мектеп арасында орнаған тығыз қатынастың нəтижесінде іске асырылып, балаларын жазғы мезгілде бос жүрмей, қоғамдық мəні зор жұмыстарға тартып, еңбекке баулығандары үшін ата-аналар ризашылықтарын білдірді. Жиналғандарға жасақтың ұл-қыздары өнерлерін көрсетті.

– Елбасы Н.Ə.Назарбаев «Қазақстанның əлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында еңбек əлеуетін арттырып, еңбек адамын дəріптеуге аса мəн берілу керектігін баса айтты. Біз де алдағы жұмысымызды осы Елбасының тапсырмасына қарай негіздемекпіз. Жасақ құрамындағы жастардың қатарында осы ойды жете түсініп, түпкілікті жұмысқа тұрып жатқан жастар да бар. Мысал ретінде келтірсем, мектептің биылғы жылғы түлектері Қайрат Кемешов пен Бексейіт Дəкен осы кенішке тұрақты жұмысқа орналасып жатыр. Еңбек əлеуетін арттыру мықты мамандардың шеберлігімен өлшенеді ғой. Сондықтан да жастайынан еңбекке араласуға бел буған Қайрат пен Бексейттің келешекте өз ісін жетік меңгерген маман болатынына күмəнім жоқ, – дейді лагердің басшысы Өмірсерік Ағыбаев.

Өмірсерік Абдуллаұлының айтуынша, балалар тек кеніштің айналасын абаттандырып қана қоймай, спорттық іс-шараларға да қатысқан. Кеніштің жастар еңбегіне деген құрметі де шексіз. Кəсіподақ комитетінің төрағасы Мадияр Ережеповтың ұйымдастыруымен жасақшылар бассейнге, боулингке барған. Сондай-ақ, Жезқазған тарихи-архиологиялық мұражайында да болып, өлке тарихымен танысқан. Балалармен жұмыс жасау барысында психологиялық көмек беруде психолог Анар Сəдуақасованың көмегі көлдей болды.

Елбасы таяудағы мақаласында еңбектің маңыздылығын ашып көрсетіп, тек əлемнің əміршісі – еңбек екенін əр адамның санасына жететіндей етіп түсіндірді. Жастардың қоғамдағы еңбектің маңыздылығын, жетістіктерге тек еңбек арқылы жетуге болатынын түсінуге сеп болатын осындай жобалардың қатары көбейіп жатса еңбекке деген құштарлығы артады. Сондықтан да, еңбек əлеуетін арттырудың алғашқы қадамы осындай шағын істерден басталады.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.