Жанға жайлы жатақхана

Іргедегі елді-мекен тұрғындарын кенді қалаға қоныстандыру тиімді тетіктермен тиянақты іске асырылып келеді. Бұл Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау аймақтарын 2012-2020 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асырылды. Байыпты бағдарлама аясында тұрғындар өздеріне тиесілі баспанасына кіріп, бақуатты ғұмыр кешуде. Шаталюк көшесінде бой көтерген отбасылық жатақханадан жай көрген тұрғындар да бұл қонысқа дән риза.

Жатақхананың қолданысқа берілгеніне екі жылға жуықтап қалды. 2019 жылдың наурыз айында пайдалануға берілген отбасылық типтегі қос нысанға 71 отбасы қоныстанып, жанға жайлы жағдайда өмір сүріп келеді. Бұлай деуімізге негіз бар. Жезқазған кентінің байырғы тұрғыны Әсемкүл Байғожанова аталған жайға алғашқылардың бірі болып кіргендер қатарында. Тұрғын бүгінгі жатақхананың жай-күйіне жоғары баға беріп, берекелі істің игілігін осында қоныстанған барша тұрғын көріп отыр дейді.

– Жезқазған кентіндегі жатақхананың жай-күйі сын көтермейтін еді. Қоғамдық көліктің қатынауы қиын болатын. Осында қоныстанғалы бері тұрғындар мұндай проблеманы ауызға алмайтын болды. Өйткені, жатақханада қолайлы жағдай жасалған. Ілгеріде асхананы, жуыну бөлмелерін бәріміз ортақ пайдалансақ, қазір әрбірінің бөлмесінде қарастырылған. Өзіміз қаланың орталығында тұратындаймыз. Маңайымызда дүкен, мектеп бар. Балабақша салынып жатыр. Шыға қалсақ, ойын алаңдарында топырлаған баланы көреміз. Осындай игілікті істер атқарып жатқан Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовқа шынайы алғысым зор. Асқар Абылайұлы көп істің басы-қасында жүрген қалаға жанашыр азамат. Жақсының жақсылығын неге айтпасқа, – дейді Әсемкүл Бәйтенқызы.

Жатақханада кітапсүйер қауым үшін нысанның бірінші қабатында кітапхана жүйелі жұмыс істеуде. Қалалық орталықтандырылған кітапхана жанынан ашылған филиалына бүгінде екі мыңға тарта оқырман тіркеліп үлгерген. Кітапханашы Шынар Құдайбергенова балалардың кітапқа деген құмарлығы артып келеді дейді.

– Отбасылық кітапхана болғандықтан отбасылар үшін айшықты шараларды үнемі өткізіп келеміз. Халықаралық аналар күні, Наурыз мейрамдарында ауқымды мерекелік кештер ұйымдастырамыз. Қазіргі жағдайда кішкене бүлдіршіндерімізді кітап әлеміне бойлату үшін онлайн форматта кездесулер өткізілуде. Кітапханамыздың әлеуметтік желіде парақшасы тұрақты жүргізіледі. Сол жұмыстың нәтижесі ретінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы әлеуметтік желідегі белсенділігі үшін арнайы дипломмен марапаттағанын айта кеткеніміз жөн, – дейді Шынар Хабарқызы.
Жатақхананың қос нысаны барлығы 28 блоктан тұрады. Біздіңше ол 28 пәтер. 1, 2, 3 бөлмелі блоктарда жетпіс бір отбасы тұрып келеді. Тұрғындар қалтасынан тек коммуналдық қызмет үшін ғана қаражат шығарады. Қоғамдық тәртіп күнделікті бақылауда. Учаскелік инспектор жатақхана тыныштығын күзетуде.

– Жатақхана демесеңіз кәнігі үй. Қоныстанған әр отбасының өз бөлмесінде ас үй, жуыну бөлмесі жеке қарастырылған. Жатақхананың бірінде 36 отбасы қоныстанса, екінші ғимаратында 35 отбасы күн кешіп жатыр. Су, жылудан таршылық көріп отырғанымыз жоқ, – дейді жатақхана коменданты Гүлсара Омарова.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.