Аймақ үшін маңызды шешім қабылданды

Сәтбаев қаласында тұрғындарды сауықтыру бойынша пилоттық бағдарлама жүзеге асырылады. Қарағанды моноқала тұрғындарын сауықтыру бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруға кір-іскен еліміздегі алғашқы облыс. Жобаны халықаралық деңгейдегі тәуелсіз сарапшылардың зерттеуіне тапсырыс бере отырып, «Қазақмыс» корпорациясы ұсынды. Үш жыл ішінде барлық шараларды жүзеге асыруға шамамен 5,5 млрд теңге жұмсалмақ.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай өткен аптада Жезқазған қаласында бас қосып, ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

– «Қазақстан жаңа жағдайда: іс-қимыл уақыты» Жолдауында ел Президенті моноқалаларға «екінші тыныс» берудегі кәсіпорындардың маңыздылығын атап өтті. «Қазақмыс» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарына адалдығын көрсете отырып, облыс үшін маңызды мәселелерді шешуге белсене атсалысуда.

Алғашқылардың бірі болып Елбасының пандемиядан зардап шеккендерге көмек қорын құру туралы үндеуіне жауап берді және дәрігерлерге үлкен қолдау көрсетті. Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде. Алда әлі де көптеген игі істер күтіп тұр, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сәтбаев тұрғындарын сауықтыру бағдарламасы 2021 жылдың қаңтарында басталады. Алдын ала ғылыми зерттеулер, тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Сарапшылар медициналық ұйымдардың жағдайына және халықтың денсаулығына әсер ететін қауіпті факторларға толық талдау жасады. Бағдарламаны жасаушылар тұрғындар, дәрігерлер, жергілікті биліктің пікірін ескерді. Алдағы уақытта халыққа қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Басқа жаққа барып, сабылмас үшін Сәтбаев қаласында жоқ қызметтер пайда болмақ. Барлық назар салауатты өмір салтын қалыптастыруға және сол үшін жағдай жасауға бағытталады. Қаланың медициналық ұйымдары жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. Кадр мәселесін жас мамандарға тұрғын үй беру арқылы шешу көзделіп отыр. Эдуард Огай компания заманауи емхана құрылысын қаржыландыруға дайын екендігін де жеткізді.

– Біз өндірісшілер өмірін жақсарту үшін Бағдарламаға қатысуға шешім қабылдадық. Инфрақұрылымды дамытуға қаржы саламыз. Алдағы үш жылда жақсы нәтижеге жетеріміз анық, – деп мәлімдеді ол.

Осыған ұқсас бағдарлама Жезқазған мен Балқаш қалалары бойынша да әзірленбек. Кездесуде Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданының бес жылдық тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының негізгі бағыттары да таныстырылды.

Аталмыш жоба да «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп іске асырылуда. Компания қаражатын моноқалалардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жұмсауда. Ал, бюджет қаражаты арқылы 131 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде су құбыры, жылу желілерін жаңарту, газ тарту, тұрғын үй құрылысын жандандыру, шатыр, қасбеттер мен жолдарды жөндеу, қоғамдық орындарды абаттандыру, апатты үйлердің проблемаларын шешу және әлеуметтік нысандарды жөндеу, қауіпсіздік, экология мәселелері бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.