Демалуға барып, жезқазғандықты құтқарды

Шілдедегі ми қайнатқан ыстықта салқын су, қоңыржай жер іздейсің. Көбісі қала сыртына шығып, өзен-көлдердің жағасында демалуды қалайды. Қалалық жылумен, сумен жабдықтау кəсіпорын бастығының орынбасары Шаһарқали Байқасов отбасымен демалыс күндері Кеңгір өзенінің жағалауында демалуды əдетке айналдырған. Əдеттегінше жайғасып, жағалауда жатқан Шаһарқали Серікұлы «Тəтемді құтқарыңдаршы» деген 5-6 жастағы екі қыз баланың даусынан ұшып тұрып, балалар көрсеткен жаққа жүзе жөнеледі. Сəтбаевтан Жезқазғанға демалуға барған Шаһарқали ағайға бұл жағдайда 9 жастағы ұлы Аян көмекке келеді. Екеулеп судың түбінен ес-түссіз азаматшаны сүйреп алып шығады.

– Адамның өмірі тосын жағдайларға толы екен. Ойда-жоқта бір адамның өміріне араша түсіп, құтқарып қалдық. Кішкентай қыздардың айқайлаған дауыстарынан суға қалай қойып кеткенімді де білмеймін. Өзеннің терең жеріне батып кеткен қызды шашынан ұстап, сүйреп келе жатқанымда ұлым Аян көмектесті. Ол спорттық сауықтыру кешеніндегі жүзу секциясына қатысады. Ұлымның бұл секцияға қатысқаны көп көмек болды құтқаруда. Екеуміз қызды жағаға алып шығып, дем бердік. Аздан кейін есін жиды. Кішкентай қыздар аяғыма жабысып алып, «Ағай, сізге көп рахмет. Сіз болмасаңыз апамыздың аман қалуы екі талай еді» деп жылап қоя берді. Қыз есін жиып, өз-өзіне келгенде туған-туыстары да келіп, «Рамазан айында жасаған жақсылығыңыздың сауабы Алладан қайтсын» деп баталарын берді. Болған оқиғадан өзім де абдырап жүріп, əлгі қарындасымыздың есімін де сұрамаппыз. Есімде туыстарының «Гуля, Гуля» деп айғайлап жатқаны ғана қалыпты, – дейді Шəкең.

«Сақтансаң – сақтайды» дейді ғой. Сақтанып жүргенге не жетсін? Бір жанға өмір мен өлім бетпе-бет келген тұста азаматтық ұстанымын көрсеткен Шаһарқали Байқасов пен ұлы Аянның бұл ісін қалай ерлік демессіз. Суға кетіп, тал қармап жатқан жасты өлім аузынан арашалаған Шəкең мен ұлы Аянның ерлігі көпке үлгі болар деп қолға қалам алдық. Ерлік жасаған ел ағасына құрмет көрсетіліп жатса құба-құп. Алайда, Шəкең бұл жақсылығын пұлдамайды. «Адамның күні адаммен» деген осы.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.