Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын!

Олар – бүгінде Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, 29 жасқа келген – әр саланың тізгінін ұстаған егемен елдің айбынды ұландары. Елдің дамуына өзіндік үлес қосып, көпке үлгі болып жүрген азаматтар. Бар білімі мен күш-қуатын ел игілігіне арнаған жастар біздің қаламызда да көптеп саналады.

Тәуелсіздік құрдасы болуды үлкен мәртебе деп білетін азаматтардың қатарында Амангелді Асқаров бар. Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келіп, өзінің болашағын спорт саласымен байланыстырған Амангелді Жезқазған қаласындағы Ө.Байқоңыров атындағы университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығына оқып шықты. Талапшыл азамат өскелең ұрпақты салауатты өмірге бейімдеп келеді. Қазіргі таңда қаламыздағы №15 мектепте дене шынықтыру мұғалімі болып еңбек етеді.

Ұстаздықты таңдаған Дана Әбілдинова да оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге септесіп жүр. С.Сейфуллин атындағы гимназияның ағылшын тілі мұғалімі Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды тәмамдап, еңбек жолын аталған мектепте бастады. Дана қазір ұжымында сыйлы әріптес, оқушыларына сүйікті ұстаз. Бүгінде гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлық қызметін абыроймен атқарып келеді.

Жұлдыз Шүменбаева, Әсел Нұрғазинова бұл сәйкестікті жақсылыққа балап, үнемі мақтан етіп жүретін жастар қатарында. Тәуелсіздік құрдасы болу алдымен өз Отаныңның патриоты болу, еліңе қалтқысыз қызмет ету деп білетін олар ел ертеңі үшін бүгіннен еселі еңбек етіп келеді. Екеуі де С.Сейфуллин атындағы гимназияда ұстаздық салада жемісті қызмет етуде.

Еліміз үшін қастерлі күн қарсаңында дүниеге келген Айдана Байбұланова бұл күннің қадірін терең ұғыну қажет деп есептейді. Мемлекеттік қызмет саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан Айдана Ө.Байқоңыров атындағы университеттің түлегі. Қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы мемлекеттің жарқын болашағына үлкен сеніммен қарайды. – Қазақстанның әр жетістігінің, тарихи жаңару сәттерінің куәсі болып келеміз. Еліміз әлі де талай белестерді бағындырып, дамыған елдердің қатарынан бой көрсетеді деп сенемін. Ал, сол жолда бақытты елдің ұрпағы ретінде мемлекетімізге абыройлы қызмет ете бермекпін, – дейді ол.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.