Бейбітшілікке апарар жол

Сәтбаев қаласының Достық үйінде 16 қараша – Халықаралық толеранттылық күніне орай ұйымдастырылған шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды.

«Толеранттылық – бейбітшілікке бастар жол» тақырыбындағы байқауға 14 пен 25 жас аралығындағы жастар қатысты. Олар толеранттылық және оның қоғам дамуына әсері жайлы қалам тербеді. Қаламыздың бірнеше білім ордаларының оқушылары белсенділік танытып, нәтижесінде түрлі марапаттарға ие болды. Қазылар алқасының шешімімен Анита Гатиятова үшінші орынға ие болса, Дәулет Сейітпеков екінші орыннан көрінді. Ал, бірінші орынды «Денсаулық» колледжінің студенті Галина Перепёлкина қанжығасына байлады. Байқауда ерекше көзге түскен шығарма иелері де марапатсыз қалмады. Ұйымдастырушылар тарапынан лайықты сый-сияпат көрсетілді.

– Мұндай шаралар шығармашылығымызды шыңдауға зор септігін тигізеді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Белгілі орынды жеңіп алмасам да, ынталандыру сыйлығына ие болдым. Осының өзі мен үшін жетістік, – дейді Сәтбаев индустриалдық колледжінің студенті Жансая Сүлеймен.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.