Жарқын жүздесу, əсерлі əңгіме

Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 1999 жылғы арнайы қарарына сəйкес 12 тамыз халықаралық жастар күні болып бекітілді. Бұл күнді белгілеудегі мақсат – ұйымның əлем жастарына қатысты бағдарламаларын насихаттау мен ақпараттандыру.

Осыған орай, «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалының төрағасы, қала əкімі Батырлан Ахметов бір топ белсенді жастармен бейресми кездесу өткізді. Жиынға «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дəрібаев, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлыбай Наурызбаев, денсаулық, білім, мəдениет, спорт саласындағы жас мамандар, жоғары жəне арнаулы орта оқу орындарының студенттері, жастар мəслихатының депутаттары, жас көшбасшылар қауымдастығының мүшелері қатысты.

«Жас Отан» ЖҚ-ның ұйымдастыруымен өткен жүздесудің басты мақсаты – жастардың белсенділігін арттыру, қаламыздағы жастар саясаты бағытын-дағы жасалып жатырған жұмыстарға тоқталып, пікір алысу.

– Бүгінгі күні жастар саясатының жағдайы мен оның болашағын айқындау мəселесі үлкен маңызға ие. Жастардың бəсекеге қабілеттілігін қолдау жəне дамыту еліміздің мемлекеттік саясатының стратегиялық маңызы бар басымдықтарының бірі. Мемлекет тарапынан зор қолдауға ие болып отырған соң, жастар да қоғамның барлық саласында белсене еңбек етуде. Білімді де білікті, жаңаша ойлы жастарымыздың көбеюі – еліміздің гүлденуі.

– Менің сіздермен бүгінгі кездесудегі мақсатым – еркін əңгімелесу. Көкейлеріңізде жүрген сауалдарыңызға жауап беру. Ұсыныстарыңызды тыңдау жəне қолдан келгенше көмек көрсету, – деген Батырлан Дүйсенбайұлы қаланың кешегісі мен бүгінгісіне қысқаша тоқталып өтті. Кездесу барысында қала басшысы жастар тарапынан туындаған қаланың қоғамдық өміріне, əлеуметтік-экономикалық дамуына жəне жеке басына қатысты сауалдарға жауап берді.

Алғашқы болып сұрақ қойған «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі Дулат ТӨЛЕГЕНОВ қаламызда спорттың дамуы жайлы пікірін ортаға салды.

– Лондонда Олимпиада алауы лапылдап, қазақстандық спортшыларымыз толағай жетістіктерге жетуі біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл бүгінгі күннің басты жаңалығы десем де қателеспеймін. Осы кезекте біздің қаламызда да спортты дамыту, оның ішінде олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлерін дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Дегенмен, əлі күнге дейін олимпиадаға қатысып, еліміздің намысын қорғаған бір де бір сəтбаевтық спортшы жоқ. Осы туралы не ойлайсыз?

– Ең біріншіден адамның өзінде жетемін, істеймін деген ынтасы болу керек. Сондықтан жас спортшыларымыз үлкен аренаға шығып, зор жетістіктерге жетуге бар күштерімен талпынулары керек, – деді Батырлан Ахметов. Мəдени-сауықтыру спорт орталығы шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ербол КЕНБЕИЛОВ:

– Келесі 2013 жылы біздің қаламызда абаттандыру жəне көгалдандыру бойынша қандай шаралар атқарылуы жоспарланып отыр?

– Өздеріңіз көріп отырсыздар биыл қаламызда көптеген оң өзгерістер болып жатыр. 10 балалар ойнайтын алаңдар салынып, жастар саяжолы ашылды. Келесі 2013 жылға да жоспарлап қойған бірқатар іс-шаралар бар. Бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда қаламыздың гүлденуі мен дамуына үлес қосатын əлі талай жұмыстарды атқарамыз, – деді қала əкімі.

«Жас Отан» ЖҚ-ның мүшесі Гүлнəр АЯШЕВА:

– Биыл Ұлытауда жастардың қатысуымен «Отаншыл» форумы өткен болатын. Осы форумды дəстүрге айналдырып, жыл сайын өткізуге бола ма?

– Əрине, бұл бағытта бірігіп жұмыс атқарайық. Тек сендердің тараптарыңнан қозғау болса, біздің тарапымыздан қолдау болады, – деп сендірді Батырлан Дүйсенбайұлы. Сонымен қатар, кездесуде Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұстанған саясаты, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы талқыланып, қазіргі қоғамда экономикалық жəне əлеуметтік саланы дамытуда жастардың атқ-аратын рөлі жайлы пікірлер айтылды.

Батырлан Ахметовке кездесуге келгені үшін алғысын білдірген «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Нұрлыбай Наурызбаев «мұндай кездесулер жастар мəселелерін шешуге, жасалған жұмысты саралап, алдағы мақсат-міндетті белгілеуге септігін тигізетінін» айрықша атап өтті.

Кездесуді қорытындылаған филиал төрағасы жастардың ұсыныстары аяқсыз қалмайтынын, алдағы уақытта шешімін табатынын жəне осындай кездесулер тағы да ұйымдастырылып тұратынын айтты.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.