Ортақ мақсат біріктіреді

Қаланың әрбіт тұрғыны жайлы өмір сүруі, өзін-өзі дамытуы үшін барлық мүмкіндіктерге ие болатын әл-ауқат қоғамын құруға мүдделі партия жақтастары «Қазақмыс» Корпорациясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің еңбек ұжымымен кездесті. Штаб өкілдері халық игілігі үшін партияның алдағы көздеген жоспарларын баяндап, сайлаушыларға бағдарламаны тиянақты түсіндірді.

Экономикалық секторға серпін беретін бірден-бір жол ол – шағын және орта бизнес. Партия бұл орайда кәсіпкерлікті барынша қолдауға ынталы. Бұл қала бюджетінің нығаюы мен жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік бермек. Қазіргі уақытта «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-ін қала құраушы кәсіпорындар тізіміне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Яғни осы кәсіпорын айналасында шағын және орта бизнес нысандары белдеуін құруға ықпал етеді. Өнеркәсіптік аймақта кеніштердің үздіксіз жұмысына сеп болатын желдеткіш шахта құбырларын, конвейер таспасын, резеңке бұйымдарын өндіру орындарын ашу көзделуде. Партия осы және өзге өндіріс орындарын ашуға нақтылы міндеттерді қойып отыр. Индустриялдық паркі негізінде парк аумағында 7 нысанды орналастыру жоспарлануда. Штаб өкілдері кәсіпкерлерді несиелендіруде партия маңызды шаралар қабылдайтынын атап өтті.

– Елімізді жайлаған індеттің таралуы мен оның салдары бизнестің экономикалық белсенділігінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Пандемияның тигізген әсерінен бөлшек және көтерме сауда, көлік және қоғамдық тамақтану салалары зардап шекті. Осы мақсатта партия мемлекеттік қолдау тетіктері және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы мен басқа да даму институттарымен ынтымақтастық арқылы бизнесті тиімді жүргізуге жағдай жасайтын болады. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жыл сайын кемінде 3 кәсіпкергеқолдау көрсету, «Еңбек» бағдарламасы негізінде 7-ден аса шағын несие беруге мақсат қойып отырмыз. Бұл шаралар 2025 жылға қарай шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 3 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді штаб төрағасы Қайрат Балмағамбетов.

– Қаланы дамытуда, халықтың жағдайын жақсартуда кемшіліктер бар. Сын да жеткілікті. Сол сын-ескертпелердің барлығы осы сайлауалды бағдарламада ескеріліп, аталған мәселелерді шешу жолдары көрсетілген. Қазір сіздер үшін маңыздысы – тұрақты жалақы, баспана, медициналық көмекті уақытылы алу. Мұның барлығы шешіліп келеді. Әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін біздің партиямыз өз бағдарламасында әлеуметтік салаға басымдық беріп отыр. Ол дегеніміз денсаулық сақтау сапасын жақсарту, дәрігер тапшылығын жою үшін өзге елді-мекендерден келетін мамандарға көтерме жалақы тағайындау, баспана беру үшін үйлерді қайта жөндеуден өткізу, жаңа аурухана салу, стационарлық және амбулаториялық емдеуде дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету секілді партия өз алдында міндеттерді қойып отыр. Сондықтан осындай нақтылы қабылданған іс-шараларды жүргізу әлдеқайда септігін тигізбек. Бұл бастаманы іске асыру сіздердің сайлауда беретін дауыстарыңыз шешеді. Сондықтан біздің партияны қолдаңыздар, – деді қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Татьяна Хмилярчук.

– Кез келген мәселеге қатысты сын айта салу оп-оңай. Үйінде жатып алып, еңбек етуге шынайы құлқы жоқ адам біреудің еңбегін бағаламауы мүмкін. Ұлы Абайдың «Айтшы, айтшы деп жалынар, айтпай жатып жалығар» дейтіні сол ынсапсыз, қабілеті бола тұра қауқары жоқ азаматтарға айтылған болар. Сондықтан нақты іске келгенде оның шешіміне ой қосқан – нағыз жанашырлықтың белгісі. Ал болашағына күмәнмен қарап, қолын сілтеу – нағыз қайратсыздық. Сондықтан белсенділік танытып, сайлауда азаматтық құқығыңыз барын ескеріңіз. Таңдау — өз еріктеріңізде, – деді штаб мүшесі Ерболат Сатыбалдин.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.