Жаңартылған балабақша

Білім беру нысандарының қауіпсіз әрі жайлы болуы балалар үшін өте маңызды. Биыл қаламызда осыдан көп жыл бұрын бой көтеріп, қазір тозығы жеткен, қабырғалары сыр бере бастаған көне ғимараттарға жөндеудің ең күрделі түрі зор қарқынмен басталған еді. Осы ретте қайта жаңғыр-тылған №31 «Балапан» балабақшасы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді.

Сырт келбеті алыстан көз тартатын мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің келісті ғимараты, әсемдіктің үлгісіндей әсер қалдырады. Бүлдіршіндерді оқыту және тәрбиелеу ошағының ашылуына арналған салтанатты жиында қала әкімі Асқар Ыдырысов ыстық ықыласын жеткізіп, ел мерейін өсірген жағымды жаңалық Тәуелсіздіктің татымды жемісі екендігін тілге тиек етті. Қарт ұстаз Баян Қалмағанбетова алғаусыз пейілмен ақ батасын беріп, қала басшысымен бірге лента қию рәсімін жүзеге асырды.

Құрылғанына қырық жеті жылдың жүзі болған 257 орындық балабақша ғимаратын қайыра жаңғыртуға арналған қаражат «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінсе, басқа да қажеттіліктерін өтеу қаржысы жергілікті бюджет есебінен қарастырылған. Балалар ұясы заман талабына сай музыка залы, ойын алаңдары және спорттық жабдықтармен толыққанды жарақтандырылып, дербес жылу беру жүйесіне қосылған. Отандық өндіріс өнімдері санатындағы жиһаздарының саны мен сапасы да көңілге қонымды. Тапсырысты орындаушы мердігер компания – «Самға» ЖШС (директоры А.Байгильдаев).

Балабақша директоры Алма Оразалинаның айтуынша, бүлдіршіндер жаңартылған білім мазмұны бойынша оқытылып, Мемлекет басшысы ұсынған «Үштұғырлы тіл» ұстанымына басымдық берілген. Сертификатталған дидактикалық әдістер бойынша баланы жан-жақты дамытуға арналған кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, балалар ағылшын тілі, шахмат, логика, хореография, вокал, домбыра, мәнерлеп оқу, робототехника курстарына қатыса алады.

– Біз, ең алдымен, бала бойында бұғып жатқан қабілеттерді ашуға, оятуға баса мән береміз. Бұл бағытта ата-аналармен өнімді жұмыс жүргізгіміз келеді. Мақсатымыз – баланың тұлғалық қасиеттерін дамытудың негізін қалыптастыру. Бүлдіршіндер осы кезден бастап өзіне жақын өнер түрін таңдап, өздігінен шешім қабылдауға, тәуелсіз, еркін, тәртіпті болуға үйренуі керек. Жөндеу жұмыстарына дейін ғимараттың тозығы жетіп тұрған еді. Көп жұмыстар атқарылды. Өздеріңіз көргендей, ойын алаңдары мен жатын бөлмелері кең әрі жарық. Алдағы уақытта жас ұрпаққа тәлімді тәрбие, сапалы білім беруге мүмкіндігіміз зор, – дейді балабақша басшысы.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.