ПАРТИЯҒА ДАУЫС БЕРУГЕ ШАҚЫРДЫ

Алдағы ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау қарсаңында саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. «Nur Otan» партиясының қалалық штаб өкілдері науқан кезінде бірқатар кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Өндірісі өркендеген өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғысында дамуының бірден-бір көрсеткіші жергілікті халықтың өмір сүру сапасының жақсаруында. Бұқараның бақуатты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, сұранысын қанағаттандыру, әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасауды «Nur Otan» партиясы басты мақсат етіп қойды. Ол үшін партия өзінің сайлауалды бағдарламасында дамытудың жеті бағытын айқындап, сол жолда еселі еңбек етуге мүдделі. Осы орайда партияның Сәтбаев қалалық штаб өкілдері «Қазақмыс» корпорациясының Оңтүстік Жезқазған кенішінде болып, еңбек ұжымымен кең сипатты кездесу өткізді. Кездесу барысында әлеуеті зор саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының басты бағыттары туралы жан-жақты әңгіме өрбітілді. Қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Қайрат Құлыбеков, Гүлназ Гатиятова, Луиза Минбаева өз сөздерінде партия бағдарламасының ерекшеліктеріне тоқталды. Және ондағы көзделген міндеттердің мүлтіксіз орындалуына берік негіз қалайтын шарттылықтарды екшеп берді.

Әңгіме кезінде өткен жылдан бергі кезеңде Сәтбаев қаласында іске асырылған игі істерге назар аударылып, алдағы жоспарлы жұмыстар да тілге тиек етілді.

Әлеуметтік сала – маңызды бағыт

Партия әр азаматтың қолайлы өмір сүруі үшін сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ынталы. Бұл мақсатта бесжылдық жоспарда қаладағы көлік жолдарын жөндеу, баспана кезегін азайту үшін көппәтерлі үйлер салу, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешу көзделген. Осы және өзге де өзекті проблемалардың шешу жолдары штаб өкілдерінің Сәтбаев минералды және жеміс-жидек сулары зауыты қызметкерлерімен өткізген кездесуінде айтылды.

Кәсіпорын ұжымымен кездескен партия өкілдері саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының бағдарлы бағыттарына тоқталды. Зауыт қызметкерлеріне әлеуметтік салада көзделген мақсаттар тиянақты түсіндірілді. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы сапалы қызметтерге қол жеткізу – партиялық бағдарламадағы басымдық берілген бағыт. Штаб өкілдері партия тарапынан қаламыздағы дәрігер тапшылығын жою, білім беру нысандарындағы материалдық-техникалық базаны нығайту, бұқаралық спортпен айналысуға баса назар аударылатынын мәлімдеді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

«Nur Otan» партиясының сайлау қорынан төленді.

Комментарии закрыты.