КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ІРГЕТАСЫ

Тарихы терең, шежіресі шерлі қазақ халқы қашаннан да бауыры кең, құшағы ашық ел болғанын барша жұрт мойындайды. Оны біз жеріміздің кеңдігімен ғана емес, пейіліміздің кеңдігімен де, ырысты тірлігімізбен ғана емес, ынтымақты бірлігімізбен де дәлелдеп отырмыз. Бүгінде тәуелсіз елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері және 18 конфессия өкілдері тұрып жатыр деп мақтанамыз. Егемендікті егелеген кезеңде талай елдер қақтығыстар мен қантөгістерге жол беріп алса, біз бірлігіміздің арқасында тірлігімізді түзедік, көркейдік. Бұл Елбасының сындарлы саясатының жемісі болумен қатар ел халқының, соның ішінде мемлекетті құраушы негізгі қазақ халқының кеңпейіл толеранттылығының жемісі екені даусыз. Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті — Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім — біздің басты құндылығымыз. Көп этносты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығы болып саналады деп көрсетеді. Қазақстандағы діндердің дамуы діни сенім бостандығы, рухани даму, елдегі азаматтық татулық пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесі болып саналады. Соңғы онжылдықта дін мен конфессияаралық қатынас аясындағы жағдай айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Діни ахуалдың жай-күйі, өсу қарқынына жасалған талдау өскелең ұрпақ өкілдерінде діндарлықтың артқандығын байқатады. Және де бұл жеке тұлғаның табиғи рухани қажеттілігі тұрғысында ғана емес, қоғамда қалыптасқан мәдени және рухани дәстүрге нұқсан келтіруге талпынатын жалған діни ұйымдар қызметі арқылы да өсуде. Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі — жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі діни ағымдар десек артық айтқандық емес. Кереғар діни ағымдар қоғамға, айналаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейіп, түрлі ағымды ұстанудың нәтижесінде жанұяларда ұрыс-керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болуда. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратындығы көрсетілген. Нақты осы негізде бүгінгі таңда мемлекет дін аясындағы өз саясатын жүзеге асыруда. Діндердің бейбіт қатар өмір сүруі, экстремизмнің таралуына қарсы іс-қимыл жалпы алғанда Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басым міндеттері болып табылады. Діни және этникалық негіздегі қақтығыстар, мәдени, әлеуметтік, саяси құқықтардың шектелуі, этникалық немесе конфессионалдық белгілердің, діни экстремизм мен терроризмнің шиеленісуіне себеп болуы мүмкін екендігін есте сақтау қажет. Дін саласындағы мемлекеттік органдар қызметінің ақпараттық-түсіндіру жұмысындағы басымдықтары азаматтардың бұқаралық сана-сезімінде келесі 4 маңызды идеологиялық қағидаларды қалыптастыру болып табылады. Бірінші қағида: «Зайырлы қоғам және жоғары руханилық — біздің басты құндылықтарымыз». Екінші қағида: «Бірлік және келісім – Қазақстан дамуының негізі». Үшінші қағида: «Отансүйгіштік, ұлттық дәстүр мен мәдениет — бұл ұлтымыздың рухани іргетасы». Төртінші қағида: «Радикализм мен экстремизммен күресу — бүкіл қоғамның міндеті». Жалпы алғанда, экстремистік доктриналар мен ілімдерді жою мен дін атын жамылған радикалды және деструктивті идеологиялардан өзіндік қорғануға бағытталған қоғамдық бастамаларды жандандыруға күш салу қажет. Қорыта келе, қазіргі таңда Қазақстанда діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға, діни сенімдерге құрметпен қарауға, заң алдында түрлі дін өкілдері тең дәрежеге ие болуына негізделген мемлекет пен діндер арасында бірегей үлгі орнағандығын айта кету керек. Ата бабасының дәстүрлі дініне деген құрметі, ана тіліне, салт-дәстүрге, тарихына деген құрмет пен махаббатты отбасында бойына баулу керек. Балалар жастайынан шынайы діннің тек жақсылыққа, қайырымдылыққа, бір-біріне мейірімді болуға, тек жарқын амалдарды жасауға үндейтіндігін білулері керек. Міне, осындай рухани бай адамды тура жолдан тайдыру мүмкін емес. Ол бір тамырын тереңге жайған зор ағаш іспетті.

Ардақ ЖҮГІНІСОВ, «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының Сәтбаев қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі.

Комментарии закрыты.