ЖҰЛДЫЗДАР ЖОҒАЛМАЙДЫ

Бұған Достық үйінің қабырғасында өткен кеш барысында көзіміз жете түсті. Арамыздан алыстап кеткен ардақты тұлғаларды еске алуға арналған жоба алғаш рет өткен жылы қолға алынып, қала әкімі Асқар Ыдырысовтың қолдауымен жүзеге асырылған болатын. «Шындық» ҚБ төрағасы Абдолла Дастановтың бастамасымен жалғасын тауып, бұл жолы ақын, жазушы ағамыз Қуаныш Ахметов пен тұңғыш отбасылық «Балалық шақ» үйінің негізін қалаушы ұлағатты ұстаз Мәруа Құлышеваға арналды.

Алғашқы сөз кезегін алған қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина жоба жұмысына сәттілік тілеп, одан әрі жалғасарына сенім білдірді. Осындай маңызы жоғары іс-шараларға жастардың көптеп қатысып, туған жерден түлеп шыққан тұлғаларды өнеге етсе нұр үстіне нұр боларын атап айтты. Қазақстанның Құрметті металлургі, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақын Зейнеп Әбілбекова сынды аға-апаларымыз өз кезегінде бүгінде арамызда жоқ ардақты тұлғалар жайлы естеліктерімен бөлісті. Олардың өмір жолы мен қызметтегі жетістіктері жөнінде сыр шертті.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, кешке Қуаныш ағамыздың ұлы отбасымен қатысып, немересі Сұңқар Ахметов атасының «Ұлытау» өлеңін жатқа оқыды.

Мәруа Құлышева – республикамыз бойынша отбасы үлгісіндегі алғашқы балалар үйін құрған қайраткер. Жаңашыл мұғалімнің қоғамның жаңаруына қосқан үлесін әріптестері де, серіктестері де, шәкірттері де мойындады. Тәрбиелік мәні бар кеште Жезқазған қаласындағы М.Құлышева – атындағы өмірі қиын балаларды қолдау орталығының басшысы Ғазиз Жетібаев пен балалар үйінің тәрбиеленушілері Мәруа Жарылғапқызының көрегендік, көшбасшылық қасиеттерін тілге тиек етті. Туған өлкеміздің гүлденуі мен дамуы жолында тер төккен дара жандардың өмірін насихаттай отырып, жастарды еңбексүйгіштікке, отаншылдыққа, адалдық пен мейірімділікке тәрбиелеу – аталмыш жобаның басты мақсаты. Бұл жолғы шара да өз мүддесіне жетті.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.