БОЛАШАҚҚА ТЫҢ СЕРПІН БЕРДІ

Жиырма бірінші ғасырдың жиырма бірінші жылы тарихта ерекше оқиғалармен қалатын жыл болып отыр. Соның бірі – күні кеше ғана өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы. «Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан ерекше болды» деп жатыр ел де, сарапшылар да…

Ең бастысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауы әлемдік пандемия жағдайында өтіп отыр. Осыған орай, әрбір сайлау учаскесінде санитарлық талаптар мен әлеуметтік ара қашықтықты қатаң сақтау талап етілді. Соған қарамастан, сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасаймын деген жандарға тежеу болған жоқ. Сайлау учаскелері ашылысымен ел топ-топ болып келіп дауыс беріп жатты. Сайлау қорытындысы бойынша Қарағанды облысында дауыс берген сайлаушылардың үлесі жетпіс пайыздан асты. Солардың қатарында кеншілер қаласының тұрғындары да белсенділік танытқанын айтып өту ләзім. Бұл қала тұрғындарының саяси науқанға асқан жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді.

Жалпы, биылғы сайлау демократиялық талаптарға сай өтті, бұл қазақстандықтардың саяси талғамы, белсенділігі артқанын көрсетіп отыр дейді сарапшылар. Азаматтардың таңдау жасауы – елдегі саяси тұрақтылық пен экономикалық дамудың кепілі. Көппартиялы Парламенттiң жасақталуы Қазақстандағы демократияның одан әрі ілгерілеуіне негіз болмақшы.

Тағы бір ерекшелік, Мәжіліс пен мәслихаттарда депутаттардың дені жаңарды. Қалаулылар қатарында жастар мен әйелдердің үлес салмағы бұрынғыдан көбейді. Олардың қатарында қайнаған тірліктің ортасынан келгендер де, өз ісін шебер білетін мамандар да, саяси-әлеуметтік жағдайдан дайындығы бар жігерлі азаматтар да бар. Сондықтан, барлық деңгейдегі жаңа депутаттар іске білек сыбана, белсене кіріседі деген үміт зор.

Еліміздің жастары – қоғамды алға сүйреуші үлкен күш. Сондықтан, әрбір саяси науқаннан тыс қалған емес. Сәтбаев қаласының жастары да кешегі сайлауға белсенді қатысып, болашаққа бей-жай қарамайтындарын көрсетті. Сол жастардың бірі – «Нығмет» мүгедектер қоғамының төрағасы Алмас Қыдырбеков.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы әсіресе жастарға жаңа серпін мен жаңа белестерді бағындыруға жігер қосты. Мақалада еліміздің өткені, қазіргісі мен болашағы жайлы кеңінен айтылған. Президентіміз: «Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек», – дейді. Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, Тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз – Қазақстанымыз туралы айтарымыз да, мақтанарымыз да көп.

Еліміз кемелді келешекке қарай бағыт ұстады. Ендігі жеңіс те, ерлік те біздің қолда. Егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп, абыройын асыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни біз, жұмыла еңбек етуіміз қажет.

Менің бүгінгі сайлауға келіп, өз таңдауымды жасауыма да Мемлекет басшысының осы мақаласы түрткі болды. Біз, жастар, өз таңдауымызды жасай отырып еліміздің келешегінің кемел болуына негіз қалаймыз. Өйткені, осы сайлауда жеңіске жеткен қалаулылар елдің келешегі үшін бар күштерін сала жұмыс істейді деген сенім зор. Өйткені бұл сайлауда Мәжілістің де, мәслихаттардың да депутаттық құрамында елеулі өзгеріс болады. Қалаулылардың қатарында әйелдер мен жастар да көп болмақ. Ендеше бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеген әйелдер мен жалынды жастар жарқын істерге бастамашы болып, халықтың мүддесіне сай жұмыс жүргізеді деген үміттеміз, – дейді Алмас Шарифоллаұлы.

Болашаққа тың серпін берген сайлауға аға буын өкілдері де белсенділікпен қатысты. Қазіргі пандемия жағдайына байланысты үйде отырмай, тіркелген сайлау учаскелеріне келіп, өздерінің таңдауларын жасап жатты.

– Елдің, халықтың, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның өміріне тікелей қатысы бар сайлаудың әрбір саналы азамат үшін орны бөлек десем қате болмас. Дана халқымызда «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген мағынасы өте тереңде жатқан қанатты сөз бар. Дәл осындай бүкілхалықтық таңдау жасау, көпшілік болып өзіміздің азаматтық борышымызды орындау арқылы біздер бір екенімізді, жұмылған жұдырықтай зор күш екенімізді көрсете аламыз.

Еліміздің қоғамдық өміріне етене араласып жүрген жеке өзім үшін сайлауға қатысып, ел игілігі үшін дауысымды беру, оның одан әрі алға сәтті қадам басып, дамуына үлес қосу – зор құрмет. Біздер, аға буын өкілдері, ел мүддесінен артық ешнәрсе жоқ екенін жастарға өзіміздің нақтылы істеріміз арқылы көрсете білуіміз керек деп білемін. Елімізде тұратын әрбір жанның дауысы, пікір-пайымы, қоғамды алға жетелейтін, оған тың әрі игі өзгерістер алып келетін ұсыныстары біздер үшін аса бағалы. Дауыс берудің бар әлем жұртшылығына салмағын салып отырған пандемияның ауыр кезеңінде өткеніне қарамастан, біздің елдің тұрғындары өздерінің азаматтық борыштарын лайықты түрде орындағанын зор сеніммен айта аламын. Сайлауда қажетті дауыс жинап, жеңіске жеткен партия өкілдері алдағы уақытта ел үмітін ақтап, халықтың күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерін шешу жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аталып өтетін бұл тарихи жылды тың өзгерістермен бастауымыз еліміз үшін тек жақсылық алып келеді деп сенемін, – дейді Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері, ақын Мағзұм Қожахметов.

P.S. Сонымен , Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлауы мәреге жетті. Науқанға қатысқан бес партияның үшеуі алдын ала болжам бойынша Мәжіліске өтті. Іске сәт!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.