Еліміздегі зайырлылық мәселесі

Қазақстан Республикасы Ата заңының абсолютті нормаларының бірі – зайырлылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден діни еркіндікті паш етіп, тәу етіп, қабылдаған алғашқы заңдарымыздың бірі – ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы болатын. Аталмыш заңнамаға замана ағысына қарай бірнеше рет толықтырулар жасалды. Ал, 2011 жылы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңы қабылданды. Яғни, қазақ елі – зайырлы мемлекетті орнықтыру үстінде. Оның ішінде зайырлылықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалауға талпынуда.

«Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілсек, «зайыр» сөзі «анық», «айқын», «ашық» деген сын есімдердің мағыналарын береді. Осы «зайыр» деген сын есімнен түрленген «зайырлы» сөзі «білгір», «білімдар» деген мағыналарға саяды. Демек, «зайырлылық» деп «білгірлікті», «білімдарлықты » атасақ болады . Өкінішке орай, бүгінгі таңда «зайырлылық» сөзін батыстан ауып келген «лаицизм», «секуляризм», «светскость» терминдерінің баламасы ретінде түсінеміз. Қазақстан Республикасындағы зайырлылық жаңағы «білімдарлық» ұғымына жақын деп білсек жөн сияқты. «Лаицизм» (француз тілінде «La cisme») дегеніміз – мемлекетті басқаруда қандай да бір дінге сілтеме жасамастан, мемлекеттің діндерге деген бейтараптылығын ұстанатын қағидат. Француз тіліндегі «лаицизм» сөзі «діни емес адам», «діни адамнан өзге халық» деген мағынаға сай келетін латын тіліндегі «laicus» сөзінен шыққан. Рим империясы дәуірінде діни адамды «clerici», діни емес адамды «laici» деп атаған ғой. «Лаицизм» терминінің ағылшын тіліндегі аудармасы болып табылатын «Secularity» сөзі «дін және мемлекет істерін бір-бірінен бөлек ұстау» деген мағына береді. Бұл сөз латын тіліндегі «заман» мағынасындағы «saeculum» сөзінен шыққан. «Лаицизм» мен «секуляризм» сөздері орыс тіліне «заманға сап түзеу» немесе «дүниеге бой түзеу» деген мағынадағы«светскость» сөзі түрінде енді. Францияда «Laïcité», «Laicisme» терминдері «материялық ( ғылыми) және идеялық (діни) болмыстарды бір-бірімен араластырмау» деген мағынаны білдіреді. Батыс елдеріндегі зайырлылық әлеуметтік қажеттіліктен туындаған құбылыс болса, Қазақстандағы зайырлылық тарихи үдерістің нәтижесі болып табылады. Сол себептен, Қазақстан әлеуметіндегі зайырлылық діндарлық пен сенушіліктен оқшауланбайды. Батыстағы зайырлылық дін мен деноминациялар, діндарлар мен дінсіздер арасындағы күрес-қақтығыстарды тоқтату үшін пайда болды. Агрессияшыл экстремизмнен арылған пікір мен ар-ождан бостандығын құрметтейтін сана-сезімге қол жеткізу үшін ғылыми және демократиялық құрал ретінде қалыптасты. Қазақстан Республикасындағы зайырлылық болса, дінсіздік алқабындағы дінсіздер үстемдігінің қирауы жағдайында қалыптасқан құндылық болып табылады. Батыс әлеміндегі зайырлылық қоғамның әлеуметтік бейбіт өмірді, діндар емес адамдар мен әлеуметтік топтардың көбірек еркіндікті, мемлекеттің көбірек тәуелсіздікті қажетсінуінен туындағандығын ұмытпаған жөн.

Білгір азаматтың зайырлы білім беру жүйесі нәтижесінде қалыптасары анық. Зайырлы білім беру жүйесі зайырлы бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар дамиды. Бұл екі тарау шындыққа жетелейтін зайырлы білімге, ал зайырлы білім зайырлы ақпаратқа негізделеді. Зайырлы ақпарат дегеніміз ұлттық мүдде елегінен өткен сана мен сезім, дінсіздік пен дін ақпараттарының қосындысы. Қазақстан Республикасының бүгінгі зайырлылық мәселесі зайырлы ақпараттың жетіспеушілігіне тіреледі. Зайырлы ақпарат халықтың сана-сезімінен, тілі мен ділінен бастау алады. Халықтан асқан білгір де, білімдар ешкім жоқ. Сондықтан, алдымызда зайырлылықты халықтан үйрену мәселесі тұрған сияқты.

Е.ЖАГИПАРОВ, дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы директорының орынбасары.

Комментарии закрыты.