Азаматтық процесті оңтайландырудағы өзгерістер

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды оңтайландыру – уақыт талабы. 2020 жылдың 10 маусымында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталған заңнама аясында Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын енгізуге басымдық берілді. Жаңашылдықтардың ең негізгілері судьяға құқықтар мен заңды мүдделерін қорғау, процеске тиімді басшылық жасау, іс жүргізуде қосымша тараптардың істің мән-жайларын талқылау және тағы да басқа өкілеттіліктер берілді. Оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер электрондық форматта жүргізіледі. Процеске қатысушылардың техникалық құралды пайдалану тәртібі реттелді. Сондай-ақ, сот өз бастамасымен істің материалдарын жинау және зерттеу, тараптар дәлелдерінің негізділігін және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің анықтығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды. Азаматтық істер бойынша жүргізілетін аудио-бейне жазбалар электрондық хаттама деп аталып, кеңесу бөлмесіне шығу алынып тасталды. Қатысушыларға сот актілерін жіберу мерзімдері бірыңғай 3 күндік мерзімге қысқартылды. Тараптардың келісімімен азаматтық істі соттылығы бойынша бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жатады. Азаматтар азаматтық істер бойынша жүргізілген аудио-бейне жазбалармен танысып, сотқа келмей-ақ өз арыз-шағымдарын тіркей алады. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде судьяның процестік рөлі нақтыланып, оған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау, процеске тиімді басшылық жасау, қосымша тараптардың істің мән-жайларын талқылау, олардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, іске қатысушы азаматтарға сұрақтар қою, іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде өз бастамасымен сот тапсырмаларын беру, дәлелдемелерді талап ету және тағы да басқа өкілеттіліктер берілген. АПК-нің 5-1 тарауы «Сот приставы» 56-3-бабымен және «Аудармашы» 56-4-бабымен толықтырылды. АПК-нің 15-бабының үшінші бөлігі «Сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан босатылған, алайда тараптың уәжді өтінішхаты бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртіппен қажетті материалдарды алуға жәрдем көрсетеді. Бұл ретте азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін іске асыру мақсатында сот өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын анықтау, тараптардың дәлелдерінің негізділігін және олар ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру бойынша көзделген кез келген шараларды қолдануға құқылы» деп өзгертілді. Сондай-ақ, АПКнің 126, 235, 237, 239-баптарына маңызды және елеулі өзгерістер енгізіліп, артық сот рәсімдері мен шығындары қысқартылды. Процестік мерзімді ұзарту және қалпына келтіру, шешімдегі қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзету, шешімді түсіндіру және шешімді орындауды кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту туралы арыздарды тараптарды шақырмай-ақ қарап, шешу мүмкіндігі аталған заң аясында толықтырылды. Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар соттардың жұмысын оңтайландырып, жүктемесін азайтуға, іске қатысушылардың іс жүргізу шығындарын азайтып, уақытын үнемдеуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Дәурен ИБРАЕВ, Сәтбаев қалалық сотының судьясы.

Комментарии закрыты.